Қазақстан қажылық квотасының тек бір бөлігін пайдаланады – Сауд Арабия министрі
АСТАНА. KAZINFORM – Сауд Арабиясының Қажылық және умра министрі Тауфик ар-Рабиа Kazinform агенттігіне берген эксклюзивті сұхбатында Орталық Азиядан, соның ішінде Қазақстаннан келетін қажылар санының артуы, қажылыққа арналған сервистердің цифрландырылуы және квотаның ұлғаюы туралы айтып берді.

– Өзіңіздің Қазақстанға сапарыңыз туралы айтып берсеңіз.
– Бұл – менің Қажылық және умра министрі ретінде Қазақстанға жасаған екінші сапарым. Алғаш рет 2022 жылғы қыркүйекте келдім. Мұнда кезекті рет сапарлауым мен үшін үлкен қуаныш, сондай-ақ өткен жолы сияқты бұл жолы да жылы қабылдағандарыңыз үшін шын жүректен алғысымды білдіремін.
Қазақ халқының қонақжайлығына, инфрақұрылымның сапасына, Алматының сұлулығына және айналадағы тауларға тәнті болдым.
– Министрлік Орталық Азиядан, атап айтқанда Қазақстаннан келетін қажыларды қалай қолдап отыр? Олардың қауіпсіздігі мен жайлылығын ұйымдастыру бағытында қандай шаралар қабылданған?
– Біз Орталық Азиядан және Қазақстаннан келетін қажылар мен қонақтар санының едәуір артқанын байқадық. Өткен жылы Қазақстаннан 78 мың адам умраға және шамамен 4,5 мың адам қажылыққа келді, олардың барлығы еліне аман-есен оралды.
Сондай-ақ біз тікелей әуе рейстерінің санын арттыру бағытында жұмыс істеп жатырмыз.
Сауд Арабиясы мен Қазақстан арасындағы қарым-қатынас өте берік және Қос Қасиетті мешіттердің қызметшісі (Сауд Арабиясы Королі – ред.) әлемнің түкпір-түкпірінен, соның ішінде Қазақстаннан келетін қажыларға ең жақсы жағдай жасауға әрдайым көңіл бөледі.
Біз қажылардың барлық рәсімдерді қиындықсыз атқаруы үшін Nusuk платформасын (Сауд Арабиясының қажылыққа арналған ресми қосымшасы – ред.) пайдаланғанын қалаймыз.
Сонымен қатар, олар біздің тарихымызбен де танысса дейміз. Бізде Мұхаммед пайғамбарға қатысты көптеген тарихи орындар мен ислам тарихын тереңірек түсінуге мүмкіндік беретін мұражайлар бар.
Сауд Арабиясы – әлемдегі ең қауіпсіз елдердің бірі және кең ауқымды әрі жайлы инфрақұрылымға ие. Мәселен, бізде Мекке мен Мәдинаны сағатына 300 шақырым жылдамдықпен байланыстыратын жоғары жылдамдықты пойыз бар.
Сондай-ақ Мекке мен Мәдинадагі екі мешіттің аумағын кеңейттік.

– Қазақстанға арналған қажылық квотасы қанша? Оның ұлғаюы қарастырылып отыр ма?
– Ең алдымен, умраға қатысты айтарым: оған квота жоқ. Біз қажылардың кез келген санын қабылдаймыз. Өткен жылы 78 мың қажыны қабылдадық және әрбіреуін қуана қарсы аламыз. Қазақстандықтардың Мекке мен Мәдинаға сапарын барынша жеңілдетуге тырысамыз.
Ал қажылыққа келсек, орын шектеулі болғандықтан, Ислам ынтымақтастығы ұйымымен келісілген квота – елдегі мұсылман халқының мыңына бір адамнан келеді. Бұл Қазақстанға да қатысты. Алайда, Қазақстан өз квотасының тек бір бөлігін ғана пайдаланады. Сондықтан қажылардың санын арттыруға әлі де мүмкіндік бар.
– Соңғы жылдары қажылықты жеңілдету үшін қандай цифрлық және логистикалық жаңалықтар енгізілді?
– Әрине, цифрлық сервистер қажылықты жеңіл әрі ыңғайлы етуде ерекше рөл атқарады.
Біріншіден, қазақстандық қажылар визаны онлайн ала алады, бұл бірнеше минут қана уақытты алады.
Екіншіден, бізде Nusuk қосымшасы бар, онда қажыларға қажетті барлық дерлік қызмет көрсетіледі: умра рәсімін брондау, қасиетті орындар туралы ақпарат, Мәдинадағы Раудаға кіруге жазылу және тағы басқалар. Nusuk платформасында қызметтердің толық тізімі ұсынылған.
Қажылыққа келушілер үшін біз цифрлық идентификацияны қолданамыз, бұл қажыларға ерекше деңгейде қызмет көрсетуге мүмкіндік береді.
– Жас мұсылмандардың қажылыққа икемді әрі цифрлық тұрғыдан ыңғайлы жолмен баруына министрлік қалай жауап беріп отыр?
– Қазір умраға арналған пакеттерді онлайн брондауға болады, әртүрлі нұсқаларды таңдау оңай. Біз цифрлық платформаны дамытуға мүдделіміз және Мекке мен Мәдинаға келіп жатқан жастардың бұрынғыдан да белсенді түрде технологияларды қолданатынын көріп отырмыз. Сондықтан біз барлық қызмет қолжетімді және сапалы болуы үшін цифрлық сервистерді дамытудамыз.

– Умра қажылары санының арту динамикасын қалай бағалайсыз?
– Умра қажыларының саны айтарлықтай өсті. 2022 жылы олардың саны 8,4 миллион болса, 2024 жылы бұл көрсеткіш екі еседен аса артып, 16,9 миллионға жетті. Біз бұл өсімді биыл да байқап отырмыз, қажылар әлемнің түкпір-түкпірінен, соның ішінде Қазақстаннан да келіп жатыр.
Біз қыркүйектен бастап тікелей рейстерді іске қосуды жоспарлап отырмыз, бірақ оған қарамастан Қазақстан азаматтарының Сауд Арабиясына келуі үшін көптеген транзиттік рейстер бар. Олар Мекке мен Мәдинаға ғана емес, басқа да қалаларға бара алады.
Бұдан бөлек, біздің Корольдікке мұсылман емес адамдар да келе алады, мысалы, Эр-Риядқа немесе мәдени-тарихи орындарға сапарлай алады. Біз бәріне ашықпыз.
Еске салайық, Сауд Арабиясында қажылыққа заңсыз қажыларды апарғаны үшін алты адам ұсталды.
Сауд Арабиясы қажылық ережелерін бұзғандарға қатаң айыппұлдар енгізді.