Қазақстан Кедендік одақтың сыртқы шекарасын бекітуге 16 млрд. теңге бөлді
АСТАНА. 13 қазан. ҚазАқпарат /Гүлмира Алякпарова/ - Қазақстан Кедендік одақтың сыртқы шекарасын бекітуге 16 млрд. теңге бөлді. Бұл туралы бүгін өткен баспасөз мәслихатында ҚР Қаржы министрлігі Кедендік бақылау комитеті төрағасының орынбасары Дина Мамашева хабарлады.
«Бүгінгі күні Қазақстандық тарап өзінің кеден шекарасындағы өткізу бекеттерінде өткізу мүмкіндіктерін арттыру үшін бірқатар шараларды атқаруда. Жұмыс істеп тұрған бекеттерді қайта жөндеу және жаңадан салу жұмыстары жүруде. Олар бірыңғай стандартқа сай болуы керек. Ол стандарттар Кедендік одақ шеңберінде әзірленген және бүгінде кедендік органдар сыртқы шекарадағы барлық өткізу бекеттерін соған сәйкесендіру үстінде», - деді ол.
Бүгінгі күні КО-ның Қазақстан аумағындағы сыртқы шекарасында 25 өткізу бекеті, соның ішінде 5 темір жол, 2 теңіз және 18 автомобильдік өткізу бекеттері жұмыс істейді. Оларды бекіту үшін түрлі бағдарламалар бойынша соңғы үш жылда жалпы алғанда 16 млрд. теңге немесе 110 млн. доллар бөлінді.
Онымен бірге, Қазақстан, Ресей және Беларус Республикалары арасындағы Кедендік одақ аясында 2011 жылдың 1 шілдесінен бастап кедендік бақылаудың алынуына байланысты қазақстандық-ресейлік кедендік шекара аумағында 32 кедендік бекет жабылып, 580 маман қысқартылды. Қазақстандық-ресейлік шекарада кедендік бақылаудың алынуына және оны Кедендік одақтың сыртқы шекарасына ауыстырылуына байланысты Өзбекстан, Қырғызстан және Қытай Республикаларымен шекаралас кедендік органдарға ветеринарлық-санитарлық қызметтер мен өсімдіктердің карантині құрылымдарының 201 маманы іссапармен жіберілді.