Президент: Қазақстан Кениямен GovTech және FinTech тәжірибесімен бөлісуге дайын

АСТАНА. KAZINFORM — Мемлекет басшысы «Қазақстан-Кения» бизнес форумы барысында жасанды интеллект және цифрландыру саласындағы ынтымақтастықтың маңызына назар аударды, деп хабарлайды Ақорданың баспасөз қызметі.

Қазақстан Кениямен жасанды интеллект және ғарыш саласында серіктестік орнатуға ниетті
Фото: Ақорда

Оның айтуынша, Кения Африканың «Кремний саваннасы» ретінде кеңінен танымал.

— Қазақстан GovTech және FinTech салаларында мол тәжірибе жинады. Бұл ретте электрондық үкіметке және заманауи банк инфрақұрылымына қатысты үздік шешімдерімен бөлісуге дайын. Сонымен қатар жасанды интеллект және ғарышты игеру саласында ынтымақтастық орнатқымыз келеді. Бүгін қол қойылған IT, ғарыш технологиясы салаларындағы бірқатар меморандум елдеріміздің нәтижелі әрі ұзақмерзімді серіктестігіне жол ашатыны анық, — деді Қазақстан Президенті.

Тоқаев
Фото: Ақорда

Қасым-Жомарт Тоқаев «Астана» халықаралық қаржы орталығы (АХҚО) мен Найроби халықаралық қаржы орталығы арасындағы әріптестікті құптады. 

Мемлекет басшысы кениялық компанияларды АХҚО мүмкіндіктерін белсенді пайдаланып, Орталық Азияда және одан тысқары жерлерде бизнесін көркейтуге шақырды.

Президенттің пікірінше, бүгінде Қазақстанның туризм саласы қарқынды дамып келеді, осы орайда «шытырман оқиғаға толы» туризмді дамытқан жөн.

Мемлекет басшысы бүгінгі форум Қазақстан мен Кения арасындағы ынтымақтастық әлеуетін көрсеткенін атап өтті. Сондай-ақ экономикалық байланыстарды нығайтуға қос тараптың да ниетті екенін жеткізді.

Осыдан бұрын Қасым-Жомарт Тоқаев пен Уильям Руто «Қазақстан-Кения» бизнес форумына қатысқанын жазғанбыз.

Тоқаев кениялық инвесторларды Қазақстанмен серіктестікке шақырды.