Қазақстан кинотеатрларында осы аптада не көруге болады
АСТАНА. KAZINFORM - Жаңа кино аптасымен бірге көрермендерді қызықты премьералар ұсынылады. Алдағы күндері қандай фильмдерге назар аударуға болатынын Kazinform агенттігінің шолуынан оқыңыз.
«Моана»
Disney компаниясының әйгілі «Моана» анимациялық фильмінің лайв-экшен ремейкі.
Фильмнің сюжеті түпнұсқа мультфильмдегі оқиғаны толық қайталайды. Моана алғаш рет туған Мотунуи аралының рифінен асып, атақты жартылай құдай Мауимен бірге алыс сапарға аттанады. Оларды халқына қайтадан гүлдену сыйлайтын қауіпті әрі қызықты саяхат күтеді.
Фильмде Дуэйн Джонсон (Мауи) мен Джемейн Клемент (Таматоа) өз рөлдеріне қайта оралды. Ал Моананың рөлін Кэтрин Лагаайя сомдады.
«Данте кодексі»
Фильм Ник Тошестің осы аттас романының желісі бойынша түсірілген және оқиға екі түрлі кезеңде өрбиді.
XXI ғасырдың басында Нью-Йорктік жазушы Никке мафия өкілдері Ватиканның жерасты қоймасынан «Құдіретті комедия» қолжазбасын ұрлап әкелуді ұсынады. Сонымен қатар XIV ғасырда ақын Данте Алигьери рухани кемелдену жолын іздеп, өзінің әйгілі туындысын жазып жатады.
Фильмнің басты ерекшелігі – жұлдызды актерлік құрамы. Түсірілімге Оскар Айзек, Джейсон Момоа, Галь Гадот, Джерард Батлер, Мартин Скорсезе, Аль Пачино, Джон Малкович және басқа да танымал өнер иелері қатысқан.
«Агент Зеро»
Өткен өмірінде құпиясы көп болған француз қызы Альма Мароккода жасырынып, серфингтен нұсқаушы болып жұмыс істейді.
Сүйіктісі – полиция қызметкері қылмыстық топпен қақтығыс кезінде ауыр жараланып, комаға түскеннен кейін Альма бұрынғы өміріне қайта оралады. Badh деген лақап атпен ол қылмыстық синдикатқа қарсы күрес бастайды. Алайда көп ұзамай бұл істің артында тек мафия емес, өзінің бұрынғы барлау қызметіндегі әріптестері де тұрғанын түсінеді.
«Миньондар мен құбыжықтар»
Illumination студиясының жаңа анимациялық комедиялық фильмі.
Оқиға 1920 жылдардағы Голливудта өтеді. Көпшілік сүйіп көретін сары миньондар кино әлемін бағындыруға бел буып, өздерінің құбыжықтар туралы фильмін түсіру үшін ең қорқынышты мақұлықтарды іздеуге аттанады.
«Сиқырлы жануарлар мектебі. Ғажайып сақшылары»
Сиқырлы жануарлар мектебінің оқушылары мен олардың сөйлейтін жануарлары жаңа шытырман оқиғаларға тап болады. Олар нағыз ғажайыпты тауып, мектепті жабылып қалудан құтқару үшін түрлі сынақтардан өтуі тиіс.
«Тәтті ертегі»
Чехиядағы Медов қалашығында жас дәрігер Аничка ескі үйді, жылыжайды және стоматологиялық емхананы мұраға алады.
Жергілікті тұрғындар бұл үйдің жаман атағына байланысты оған жақындауға қорқады. Алайда Аничка ештеңеден тайсалмайды. Ол өзінің адал атасы Плантамен және жылыжайда өсетін ерекше перу өсімдігінің көмегімен тісті ауыртпай емдеудің жаңа әдісін ойлап табады.
Бұл жаңалық жергілікті тіс дәрігері Драмлды алаңдатады. Ал Аничкаға қаланың батыл балалары қолдау көрсетіп, ғажайыпқа сенуге шақырады.
Бұған дейін өткен аптада кинотеатрларда қандай жаңа туындылар көрсетілгенін жазғанбыз.