Қазақстан-Қытай байланысы: Тяньцзиньде өтетін ШЫҰ самитінен не күтуге болады
АСТАНА. KAZINFORM — 31 тамыз бен 1 қыркүйек күндері Қытайдың Тяньцзинь қаласында ШЫҰ-ға мүше мемлекеттер басшылары кеңесінің 25-отырысы өтеді. Осыған орай CGTN шолушысы Хань Сюйлин бұл кездесу қатысушы елдер үшін қандай жаңа мүмкіндіктер ашатынын айтып берді.

Іс-шараға 20-дан астам елдің көшбасшысы мен 10 халықаралық ұйымның басшылары қатысады. Хань Сюйлиннің айтуынша, Қытай бұл саммитті тағатсыздана күтіп отыр.
— Біріншіден, бұл — Қытай ұйымдастырып отырған маңызды іс-шара және ҚХР төрағасы Си Цзиньпин ШЫҰ-ны одан әрі дамытуға қатысты жаңа бастамалар көтереді. Сонымен қатар ШЫҰ үшін дәстүрлі саналатын өңірлік қауіпсіздікті қамтамасыз ету және сауда-экономикалық өзара іс-қимыл салаларында әрі орнықты даму, экологияны қорғау, жасыл трансформация, инновацияларды енгізу сияқты жаңа бағыттарда тың жоспарлар құрылуы мүмкін. Әрине, биыл әлемдік фашизмге қарсы соғыстағы Жеңістің және БҰҰ құрылуының 80 жылдығы аталып өтілетіндігін де естен шығармау қажет. ШЫҰ елдері жаһандық басқару жүйесін жетілдіру және ғаламшардағы бейбітшілікті сақтау жолында біртұтас майдан ретінде әрекет ете алады, — деп атап өтті ол.
Өткен жылдың шілде айында Астанада өткен саммиттен кейін Шанхай ынтымақтастық ұйымына төрағалық Қазақстаннан Қытайға өтті. Осы саммит аясында алғаш рет «ШЫҰ+» форматы бойынша кездесу ұйымдастырылды.
— Сол уақыттан бері Қытай ұйым аясында саясат пен қорғаныстан бастап мәдени-гуманитарлық салаға дейін әртүрлі бағытта жүзден астам іс-шара өткізді. Сонымен қатар, ұйымның жұмыс істеу тетіктерін жетілдіруді жалғастырып, көпжақты жүйені нық қорғай отырып, «Шанхай рухын» ілгерілетті, — дейді шолушы.
Хань Сюйлиннің атап өтуінше, осыдан 12 жыл бұрын дәл Қазақстанда ҚХР төрағасы Си Цзиньпин «Жібек жолы экономикалық белдеуін» бірлесіп құру бастамасын алғаш рет жариялады.
— Қазақстан бұл бастаманы өзінің ұлттық даму стратегиясымен ұштастыру жолында үлкен жұмыс атқарды. Мемлекет басшыларының стратегиялық басшылығы арқасында Қытай мен Қазақстан арасындағы барлық деңгейдегі байланыс барған сайын нығайып келеді. Қытай Қазақстанның ең ірі сауда серіктесі болып қалуда. Өткен жылдың қорытындысында екіжақты сауда көлемі 43,8 млрд АҚШ долларынан асып, рекордтық деңгейге жетті. Қазір Қытай мен Қазақстан арасында екі теміржол өткелі жұмыс істейді, ал үшіншісінің құрылысы жүріп жатыр, — дейді ол.
Сонымен қатар, ҚХР-дың шығыс жағалауындағы Ляньюньганда логистикалық база да жұмыс істеп тұр. Ол Қазақстанға теңізге және Азия-Тынық мұхиты нарығына шығуға мүмкіндік береді. Жасыл энергетика саласындағы ынтымақтастық та дамып келеді. Сюйлин бұл бағыттағы үлгілі жоба ретінде Жаңатас жел электр стансасын атады.
Оның айтуынша, білім беру саласында да белсенді ынтымақтастық жалғасып келеді. Кәсіби мамандар даярлау ісіндегі маңызды құралдардың бірі «Лу Бан шеберханалары» болып тұр.
— Жуырда Қазақстанның Қытайдағы елшісі Шахрат Нұрышев мәлім еткендей, жақын арада Қазақстандағы «Жібек жолы шеберханасы» да осындай шеберханалардың біріне айналады. Осылайша, Қазақстан әлемде бірден үш «Лу Бан шеберханасы» жұмыс істейтін алғашқы ел болмақ. Тяньцзинь саммиті ынтымақтастық үшін мұнан да көп нақты жобаларды дүниеге әкеліп, ұйым аясындағы өзара іс-қимылды жаңа деңгейге көтеруі мүмкін, — деп қорытындылады сөзін шолушы.
Бұған дейін хабарланғандай, Қытайда өтетін ШЫҰ саммитінің қорытындысында «ШЫҰ-ның 2035 жылға дейінгі даму стратегиясына» және басқа да бірқатар құжатқа қол қойылады.