Қазақстан Қытай қор нарығында алғаш рет панда-облигациялар орналастырды
АСТАНА. KAZINFORM – Қазақстан Қытай қор нарығында юаньмен номинацияланған панда-облигациялардың дебюттік шығарылымын сәтті жүзеге асырды, деп хабарлайды ҚР Қаржы министрлігі.
2026 жылғы 26 мамырда орналастырылған облигациялардың көлемі 3,4 млрд юаньды немесе шамамен 500 млн АҚШ долларын құрады. Айналыс мерзімі – 3 жыл, жылдық купондық мөлшерлемесі – 1,9%.
Қаржы министрлігінің мәліметінше, өтінімдер кітабын қалыптастыру барысында облигацияларға сұраныс ұсыныстан екі есе асып түскен.
Бұл Қытай институционалдық инвесторларының Қазақстан экономикасының тұрақты өсіміне және мемлекеттік қарыз деңгейінің төмендігіне деген сенімін көрсетеді.
Сонымен қатар Қазақстан BBB рейтингі бар елдер арасында облигацияларды ең төмен мөлшерлемемен орналастырып, рекорд орнатты. Бұл көрсеткіш AA рейтингі бар мемлекеттердің деңгейіне сәйкес келген.
– Рекордтық төмен купондық мөлшерлеме жүргізіліп жатқан фискалдық және салықтық реформалардың, сондай-ақ Мемлекет басшысының бастамасымен жүзеге асып жатқан саяси өзгерістердің нәтижесі болды, – деп мәлімдеді министрлік.
Ведомствоның атап өтуінше, панда-облигацияларды орналастыру квазимемлекеттік және корпоративтік эмитенттердің болашақтағы шығарылымдары үшін бағдар қалыптастыруға мүмкіндік береді.
Министрлік бұл мәмілені Қазақстан мен Қытай арасындағы жан-жақты стратегиялық әріптестікті нығайтудың маңызды кезеңі деп бағалады.
Панда-облигациялар Пекин қаржы активтері биржасы мен Астана халықаралық қаржы орталығы биржасында листингтен өтеді.
Қаржы министрлігі мемлекеттік қарыз алу саясаты борыштық портфельді әртараптандыруға, қарызға қызмет көрсету құнын төмендетуге және халықаралық инвесторлардың Қазақстанның егеменді кредиттік бейініне деген сенімін сақтауға бағытталғанын мәлімдеді.
Сондай-ақ ведомство бұл орналастыру бекітілген сыртқы мемлекеттік қарыз алу бағдарламасы аясында жүзеге асқанын атап өтті.
– Қазіргі уақытта мемлекеттік қарыз деңгейі қауіпсіз әрі басқарылатын шекте сақталып отыр. Ол ЖІӨ-нің 20%-ын құрайды. Бұл көрсеткіш белгіленген 32% лимиттен едәуір төмен және әлемдегі ең төмен деңгейлердің бірі саналады, – деп атап өтті министрлік.
Айта кетейік, Ұлттық астық операторы 2,45 млрд рубль көлеміндегі халықаралық облигацияларды жапты.