Ұлттық құрылтай Ұлттық құрылтай

Қазақстан, Қытай, Ресей және Моңғолия Алтайдағы археологиялық зерттеулерді бірлесіп жүргізеді – шетелдегі қазақ баспасөзі

Kazinform ХАА шетелдегі қазақ тілінде тарайтын ақпарат көздеріне апталық шолуын ұсынады.

в
Фото: kaz.people.cn

Аптап ыстыққа байланысты Ташкенттің жерүсті метро пойыздарының жылдамдығы шектелді – ӨзА

Өзбекстан астанасы Ташкентте аптап ыстыққа байланысты жерүсті метро желілерінде пойыздардың қозғалыс жылдамдығына уақытша шектеу енгізілді.

Бұл туралы осы аптада «ӨзА» ақпарат агенттігі мәлімдеді. 

Өзбекстан Көлік министрлігінің мәліметінше, елде ауа райының күрт ысуына байланысты жерүсті теміржол рельстерінің температурасы қауіпсіздік шегі саналатын 55 градустан асып кеткен. Осыған орай 15 шілдеден бастап күн сайын сағат 18:00-ге дейін пойыздардың жылдамдығы сағатына 60 шақырымнан 40 шақырымға дейін төмендетіледі.

пойыз, Өзбекстан
Фото: uza.uz

Ведомствоның хабарлауынша, бұл өзгеріс жерүсті метро желілеріндегі пойыздардың қозғалыс аралығына әсер етуі мүмкін. Соның салдарынан пойыздардың келу аралығы 14 минутқа дейін ұзаруы ықтимал. Ал жерасты метро желілері бұрынғыдай қалыпты режимде жұмысын жалғастырады.

Сондай-ақ осы аптада «ӨзА»-да «Қазақстан Өзбекстанның негізгі үш сауда серіктесінің қатарында қалды» деген тақырыптағы ақпарат жарияланды. 

Хабарламада айтылуынша, 2026 жылдың қаңтар–мамыр айларында Өзбекстан әлемнің 185 елімен сыртқы сауда операцияларын жүргізді. Осы кезеңде елдің ең ірі сауда серіктесі Қытай болса, Ресей екінші, Қазақстан үшінші орында тұр.

в
Фото: uza.uz

Өзбекстан Ұлттық статистика комитетінің мәліметінше, бес айдағы сыртқы сауда айналымы Қытаймен – 7,7 млрд АҚШ долларын, Ресеймен – 5,8 млрд долларды, ал Қазақстанмен 2,3 млрд долларды құрады. Сондай-ақ Түркия (1,2 млрд доллар), Ауғанстан (915,8 млн доллар), Франция (771,9 млн доллар), Корея Республикасы (747,8 млн доллар), Біріккен Араб Әмірліктері (746,6 млн доллар), Германия (501,9 млн доллар) және Қырғызстан (469 млн доллар) Өзбекстанның жетекші сауда серіктестерінің қатарына енді.

Статистикаға сәйкес, Қытай мен Ресей Өзбекстанның негізгі сауда серіктестері ретіндегі позициясын сақтап қалды. Сонымен бірге Орталық Азия мемлекеттерімен, Еуропа және Таяу Шығыс елдерімен сауда-экономикалық байланыстардың нығаюы жалғасып келеді.

Қазақстан, Қытай, Ресей және Моңғолия Алтайдағы археологиялық зерттеулерді бірлесіп жүргізеді – Халық газеті

Ресейдің Алтай мемлекеттік университетінде Жібек жолы археологиялық ынтымақтастық зерттеу орталығының Алтай бөлімшесі (Қытай–Ресей Ұлы Алтай археологиялық зерттеу орталығы) ашылды. Жаңа құрылым Қазақстан, Қытай, Ресей және Моңғолия ғалымдарының Алтай өңіріндегі археологиялық зерттеулерін үйлестіретін халықаралық алаңға айналады, деп хабарлайды Халық газеті басылымы. 

Аталған басылымның мәліметінше, орталық Алтай тауы мен оған шектес аумақтардағы трансшекаралық археологиялық зерттеулерді дамытуға, ежелгі көшпелі өркениеттің қалыптасуы мен дамуын, сондай-ақ Далалық Жібек жолы бойындағы мәдени байланыстарды зерттеуге басымдық береді. Сонымен қатар төрт ел арасында ұзақ мерзімді ғылыми ынтымақтастық механизмі құрылып, археологиялық деректер мен тарихи құжаттарды ортақ пайдалану, қашықтан зерттеу технологияларын енгізу және жас ғалымдарды бірлесіп даярлау көзделген.

в
Фото: kaz.people.cn

Жоба аясында Қытай, Ресей, Моңғолия және Қазақстан археологтарының қатысуымен ғылыми семинарлар, бірлескен археологиялық барлау және қазба жұмыстары ұйымдастырылады. Сондай-ақ Алтай аймағындағы ірі қорымдар мен жартас суреттеріне далалық зерттеулер жүргізіліп, Еуразия далалық археологиясы бойынша халықаралық ғылыми ынтымақтастықты кеңейту жоспарланып отыр.

Сондай-ақ осы аптада Халық газеті басылмында «Си Цзиньпин жасанды интеллектті дамыту мен басқарудың төрт жолын ұсынды» деген тақырыптаға ақпарат жарық көрді.

Қытайлық БАҚ-тың дерегіне сүйенсек, Қытай Халық Республикасының Төрағасы Си Цзиньпин 2026 жылғы Дүниежүзілік жасанды интеллект конференциясы мен жаһандық жасанды интеллектті басқару жөніндегі жоғары деңгейдегі кездесудің ашылуында сөйлеп, жасанды интеллектті дамыту және басқарудың төрт негізгі бағытын атады, деп хабарлайды Халық газеті басылымы. 

Ол инновацияны жеделдету үшін ашықтық пен өзара тиімді ынтымақтастықты кеңейтуді, ашық бастапқы кодты дамыту мен технологиялық жетістіктерді өнеркәсіпте кеңінен қолдануды ұсынды. Сонымен қатар, жасанды интеллект саласындағы тәуекелдерді тиімді басқару мақсатында заңнаманы жетілдіру, техникалық бақылау жүйелерін құру, ерте ескерту және төтенше жағдайларға ден қою тетіктерін күшейту қажеттігін атап өтті.

Си Цзиньпин сондай-ақ өркениеттер арасындағы өзара түсіністік пен ынтымақтастықты нығайту үшін жасанды интеллект мүмкіндіктерін пайдалануға, ал жаһандық деңгейде БҰҰ-ның үйлестіруші рөлін күшейтіп, басқару ережелері мен техникалық стандарттарды үйлестіруге шақырды. Оның айтуынша, жасанды интеллект адамзаттың игілігіне қызмет етіп, дамушы елдердің цифрлық және технологиялық алшақтығын азайтуға ықпал етуі тиіс.

Қазақстан мен Иран ынтымақтастықты нығайту жөнінде уағдаластыққа қол жеткізді – Eurasia Today

Қазақстан мен Иран көпқырлы ынтымақтастықты одан әрі нығайту жөнінде бірқатар уағдаластыққа қол жеткізді. Бұл туралы Қазақстанның Ирандағы Төтенше және Өкілетті Елшісі Оңталап Оңалбаевтың Иран Сыртқы істер министрінің көмекшісі – Еуразия департаментінің бас директоры Манучеһр Морадимен кездесуінің қорытындысында мәлім болды.

Бұл туралы осы аптада Қырғызстанда шығатын Eurasia Today ақпарат агенттігі хабарлады. 

Аталған БАҚ-тың келтірген деректеріне сүйенсек, келіссөз барысында тараптар саяси, сауда-экономикалық, инвестициялық және мәдени-гуманитарлық ынтымақтастықтың қазіргі жай-күйі мен оны одан әрі дамыту мәселелерін талқылады. Сондай-ақ Иран Президенті Масуд Пезешкианның 2025 жылғы желтоқсанда Қазақстанға жасаған ресми сапары барысында қол жеткізілген келісімдерді іске асыру барысына ерекше назар аударылды.

Кездесу қорытындысында екі тарап жоғары деңгейдегі өзара сапарларды ұйымдастыруды, үкіметаралық комиссияның кезекті отырысын өткізуді және екіжақты ынтымақтастықтың барлық бағыттары бойынша бірлескен жұмысты жалғастыруға дайын екенін растады.

Иранның отырып ойнайтын волейбол құрамасы тоғызыншы рет әлем чемпионы атанды – ParsToday

Қытайдың Ханчжоу қаласында өткен отырып ойнайтын волейболдан XIV әлем чемпионатының финалында Иран құрамасы Босния және Герцеговина командасын 3:1 есебімен жеңіп, тоғызыншы рет әлем чемпионы атанды, деп жазды ParsToday ақпарат агенттігі. 

ParsToday ақпарат агенттігінің мәліметі бойынша, бас бапкер Хади Резаидің жетекшілігіндегі Иран құрамасы осылайша әлем чемпионаттарындағы рекордтық тоғызыншы алтын жүлдесін иеленді. Бұған дейін команда сегіз рет әлем чемпионы атанып, екі мәрте күміс және бір рет қола жүлдеге қол жеткізген.

к
Фото: kz.eurasiatoday

Әлем чемпионатының финалына шыққан Иран мен Босния және Герцеговина құрамалары 2028 жылы Лос-Анджелесте өтетін Паралимпиада ойындарының жолдамасына ие болды.

Тоқаев: Қазақстан Қытайды Еуропамен байланыстыратын негізгі логистикалық орталыққа айналуы тиіс – TRT

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Қытайға жұмыс сапары барысында Шанхайда осы елдің жетекші жоғары технологиялық компанияларының басшыларымен кездесіп, Қазақстанның Қытайды Орталық Азия, Кавказ, Таяу Шығыс және Еуропамен байланыстыратын негізгі көлік-логистикалық орталыққа айналуы елдің стратегиялық мақсаты екенін мәлімдеді.

к
Фото: trtkazakh.com

 

Бұл туралы осы аптада Түркия Радио Телевизия порталы хабарлады.

«TRT» басылымы Ақорданың мәліметіне сүйеніп хабарлауынша, Мемлекет басшысы Қазақстан аумағы арқылы 13 халықаралық көлік дәлізі өтетінін, ал Қытай мен Еуропа арасындағы теміржол жүк тасымалының шамамен 85 пайызы Қазақстан арқылы жүзеге асырылатынын айтты. Сондай-ақ соңғы 15 жылда көлік-логистика инфрақұрылымына 35 млрд доллардан астам инвестиция тартылғанын атап өтті.

Президенттің айтуынша, өткен жылы Қазақстан мен Қытай арасындағы тауар айналымы рекордтық 49 млрд долларға жетсе, Қытайдың Қазақстан экономикасына салған инвестициясы 30 млрд доллардан асты. Шанхайдағы сапар аясында жасанды интеллект, цифрландыру, көлік инфрақұрылымы, қаржы және агроөнеркәсіп салаларын қамтитын жалпы құны 15 млрд доллардан асатын 70-тен астам коммерциялық келісімге қол қойылды.