Ұлттық құрылтай Ұлттық құрылтай

Қазақстан КҚК арқылы мұнай тасымалдаған азаматтық кемелерге жасалған шабуылды қатаң айыптады

АСТАНА. KAZINFORM – ҚР Сыртқы істер министрлігі 17 және 19 шілдеде Қара теңіз акваториясында Каспий құбыр консорциумының (КҚК) инфрақұрылымы арқылы мұнай тасымалдаған азаматтық кемелерге ұшқышсыз ұшу аппараттарымен жасалған шабуылдарды қатаң айыптады. Бұл туралы ҚР СІМ мәлімдеді.

СІМ Түркияда жол апатынан қаза тапқан азаматқа қатысты ақпаратқа түсінік берді
Фото: Ағыбай Аяпбергенов\Kazinform

Министрліктің мәлімдеуінше, мұндай әрекеттер Қазақстанның экономикалық мүдделеріне жол беруге болмайтын қол сұғушылық болып саналады. Сондай-ақ олар заңды халықаралық сауданы, жаһандық энергетикалық нарықтарды және халықаралық көлік-логистикалық жеткізу тізбектерінің қауіпсіздігін тұрақсыздандыруға бағытталған қасақана әрекеттер ретінде бағаланады.

– Қара теңіз акваториясына КҚК терминалдарында мұнай тиеу мақсатында кіретін азаматтық кемелер туралы ақпарат алмасудың барлық мүдделі тараптар бұрын келіскен тетігінің әдейі ескерілмегені ерекше алаңдаушылық туғызады. Бұл азаматтық кемелер экипаждарының өмірі мен қауіпсіздігіне қатер төндірді, – делінген министрлік мәлімдемесінде.

Қазақстан шабуылдарды дереу тоқтатуды және қазақстандық көмірсутек шикізаты экспортталатын инфрақұрылымның қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін жан-жақты шаралар қабылдауды талап етті.

Сыртқы істер министрлігі серіктес мемлекеттерді аталған шабуылдарды батыл айыптауға шақырып, барлық мүдделі тараптарды осындай оқиғалардың алдын алуға бағытталған нақты практикалық шараларды бірлесіп әзірлеуге үндеді.

– Қазіргі уақытта Қазақстан Республикасы келтірілген залалға жан-жақты бағалау жүргізуде. Оның қорытындысы бойынша Қазақстан өзінің заңды мүдделерін қорғау үшін халықаралық құқықта көзделген барлық тетіктерді, оның ішінде келтірілген залалды өтеу туралы талаптар қою құқығын өзіне қалдырады, – деп атап өтті ведомство.

Министрлік Қазақстан қақтығыстарды бейбіт жолмен реттеудің баламасы жоқ екенін тағы да мәлімдеп, халықаралық құқық қағидаттарына, кеме қатынасы еркіндігіне және халықаралық көлік-логистикалық әрі энергетикалық бағыттардың сенімді жұмыс істеуін қамтамасыз етуге бейілді екенін растады.

Айта кетейік, бұған дейін Каспий құбыр консорциумының теңіз терминалында Қазақстан мұнайын тиеп жатқан екі танкерге ұшқышсыз ұшу аппараттарымен шабуыл жасалған болатын.