Қазақстан қоғамын, әсіресе жастарды экстремистік күштердің теріс пиғылынан қорғау өзекті - Қ.Лама Шәріп
Айта кетерлігі, Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев та өз сөзінде: «...Қазақстанда қоғам діннен бөлінбеген, сондықтан да мемлекет осы саладағы қоғамдық қатынастарды реттеуден бойын аулақ сала алмайды. Бұл ретте, діни сенімдердің өнегелі-рухани бастауларға негізделетіндігін және орасан зор гуманистік әлеуетке ие екендігін есепке алу маңызды. Бей-жай қарауға, осынау мол әлеуетті қазақстандық қоғамның рухани құндылықтарын дамыту, қазақстандық патриотизмді нығайту, ұлтаралық және дінаралық келісімді бекіту және діни экстремизмнің алдын алу ісіне пайдаланбауға енді болмайды», - деп баса айтқан еді.
Жалпы қоғамды рухтандыруды арттырудың маңызды міндеті - адамгершілікке баулитын, адалдық пен әділдікті насихаттайтын, туған жерге деген сүйіспеншілікті оятатын, ұлттық дәстүрлер мен әдет-ғұрыптарға құрмет көрсетуге тәрбиелейтін ислам дінінің шынайы құндылықтарын түсіндіру болып табылатындығы сөзсіз. Міне бүгін елорда төріндегі Л.Гумилев атындағы Еуразия университетінде өткен Қазақстан дінтанушыларының II форумының негізіне осы және еліміздегі діни ахуалға қатысты өзекті мәселелер арқау болды.
Алқалы жиынға жиналғандар алдында сөз сөйлеген ҚР Дін істері агенттігінің төрағасы Қайрат Лама Шәріптің атап өтуінше, мемлекеттің дінге қатысты саясатын барлық діни сенімдердің заң алдындағы ар-ұждан бостандығы мен теңдігінің конституциялық қағидаттарын іске асыруды ұлттық қауіпсіздіктің мүдделерін қамтамасыз етумен, Қазақстан халқының тарихи-мәдени мұрасын, оның дәстүрлі рухани құндылықтарын сақтау мен дамытуға баса назар аударумен бірыңғай байланыстыру қажет. «Бір жыл бұрын, яғни 2011 жылдың 25 қазанында «Діни қызмет және діни бірлестіктер туралы» Заң өз күшіне енді. Заңның негізгі ережелерін іске асыру дін саласын құқықтық реттеуді тәртіпке келтіруге мүмкіндік берді. Діни бірлестіктерді қайта тіркеу үдерісі дер кезінде жасалған сәтті қадам дер едік. Діни бірлестіктердің саны мен ұстанатын діні туралы жаңа деректер алынды. Елімізде қайта тіркеу үдерісі басталғанға дейін тіркеуде 4551 діни бірлестік болғаны белгілі. 2012 жылдың 25 қазанында аяқталған қайта тіркеуден кейін олардың саны 3088-ге дейін қысқарды. Бұлардың санының азаюы саны аз діни топтардың таратылуымен және іс жүзінде жұмыс жүргізбеген діни бірлестіктердің қайта тіркеуден өтпеуімен байланысты болды. Олардың қатарында аты да заты да беймәлім «Христово братство» (Христадельфиане), «Соңғы өсиет шіркеуі» (Виссариондықтар), «Альжан - Дом спасения», «Христиан ғылым шіркеуі» діни бірлестіктері және тағы басқалары бар. Бұрын қызмет атқарған діни бірлестіктердің кейбірі өз құрылтай құжаттарына дінтану сараптамасының теріс қорытындысын алды», - деді ол.
Айта кетерлігі, барлық діни бірлестіктер «мақсатымыз - дінге сенушілердің діни қажеттіліктерін қанағаттандыру, тұлға мен қоғамды рухани-адамгершілік тұрғыдан жетілдіру», деп мәлімдеме жасайтындығы сөзсіз. Ал шын мәнінде олар жоғарыда аталған мақсаттарын жүзеге асыру үшін жан-тәнімен беріліп жұмыс істей ме? Бәріне бірдей телуден аулақпыз. Бірақ, кейбір шетелдік миссионерлердің қылмыстық іске қатысты болғандығы белгілі. Сондай-ақ олардың қаржы-шаруашылық қызметтерінде де айқынсыздық басым. Олар пітір-садақадан түскен қаржыны мақсатты жұмсап отыр деп те нық сеніммен айтуға болмайды. Тіпті кейбір діни жетекшілер діни қызмет етуді көп табыс әкелетін бизнес түріне айналдырып та алған. «Сондықтан да ресми тіркелген діни бірлестіктер қаржылық қызметтерін нақты айқын көрсеткені абзал. Осылайша, діни бірлестіктер өздерінің қаржы көздері туралы ақпаратты жариялау арқылы ашық қызметін жүргізе алады, ал бұл жағдай жергілікті тұрғындардың оларға деген дұрыс көзқарастарын қалыптастыруға ықпал етеді», - деді агенттік төрағасы.
Осы орайда агенттік бірқатар шетелдегі тәжірибені жан-жақты зерделеген. Мәселен, АҚШ-та діни қауымдар шығын болатын немесе кіріс түсетін іс-шаралар бойынша салық есебін беріп тұрады. Францияда діни ұйымдар жыл сайын өткен кезеңге қаржы есебін беруге және мүлікті түгендеуге міндетті. Жапонияда Токио метросында болған қанды оқиғалардан кейін заңнама күшейтіліп, енді діни жетекшілер жыл сайын қаржылық құжаттарын тексеруге ұсынады. Ал Түркияда діни қатынастар саласын мемлекет қатаң бақылап, реттеп отырады. Сөйтіп, Түркияның Діни істер басқармасы (Дианет) 100 мыңға жуық имамдар жұмыс істейтін 85 мың мешіт төңірегіндегі ахуалды зер салып, қадағалауына алады.
Келесі кезекте Қ.Лама Шәріп форум қатысушыларының назарын дін атын жамылған экстремизм көріністерінің алдын алу сияқты маңызды мәселені шешуге аударды. «Бұл жерде сарапшы қоғамдастықтың, ғылыми және шығармашылық зиялылардың, бұқаралық ақпарат құралдарының белсенді қатысқаны әсіресе маңызды. Біз экстремистік идеялардың таралуына зияткерлік тұрғыда тойтарыс беруіміз қажет. Гуманитарлық саладағы ғалымдардың күш-жігерімен фанатизм мен радикализмнің адамгершілікке қарсы идеологиясын, бұл идеяны қолданушылардың діни ілімнің шынайы мән-мағынасын бұрмалайтынын әшкерелеу қажет. Қазақстан қоғамын, әсіресе жастарды экстремистік күштердің теріс пиғылды ықпалынан қорғау үшін насихат, ағарту және түсіндіру жұмыстарын жүргізуге тиімді тәсілдер жасап шығару керек», - деп баса айтты ол.
Шындығында да жат пиғылды теріс ағымдардың ықпалына жастардың көптеп түсіп жатқандығы да белгілі. Өйткені бүгінгі таңда шекарасыз кеңістік, 21 ғасыр жетістігі саналатын интернет өзінің ашықтығы мен қолжетімділігі арқасында экстремистік ұйымдардың қызығушылығын туындатты. Олар өз идеяларын тарату мен қатарларына адам тартуда интернет кеңістігін тиімді қолдануда. Ал осы ғаламторды қолданушылардың 90 пайызын жастар құрайды. Осы орайда экстремизмнің интернет кеңістігіндегі көрінісін алдын алудың маңыздылығы мен өзектілігі жоғары екендігін баса айтқан ҚР Дін істері агенттігіне қарасты Мәдениеттер мен діндердің халықаралық орталығының директоры Айдар Әбуов: «Бүгінгі күні көптеген жастардың дінге деген қызығушылықтары артып келеді. Мешіт имамдарының үйретуінен тыс исламды түсінгісі келген жастар, әлбетте интернет сайттардан басқа да жат пиғылды ақпарат көздеріне жолығуда. Теріс пиғылды ақпараттар жастардың психикалық ой-өрісіне, сана-сезіміне кері әсер етіп, ұлттық рухани бағытта өсіп-өркендеуіне кедергі келтіретіні анық», - деді.
Оның пайымынша, дін атын, соның ішінде ислам атын жамылатын экстремистік сайттарды ажырату мен анықтау тек мамандардың қолдарынан келеді. Сол себепті дінтану пәнінен жоғары оқу орындарының ұстаздарына дінтанушы сарапшылардың қатысуымен экстремистік сайттарды анықтау әдістеріне арналған семинарлар ұйымдастыру қажет. Ал сол дінтану пәнінен дәріс оқитын еліміздегі барлық ұстаздардың көзқарастары бір арнада тоғыса ма, діни сауаттылық деңгейлері жоғары ма деген заңды сауалдың туындайтыны анық. Міне осы сауалға жауап берген ҚР Білім және ғылым вице-министрі Мұрат Әбеновтің сөзіне қарағанда, дінтану пәнін оқытатын ұстаздарды дайындау ісінде әлі де болса шикіліктер бар. «Өкінішке орай олардың барлығының да деңгейі жоғары деп айту қиындау әрі кейбір ұстаздар осы пән бойынша дәріс бергенде өзінің көзқарасы тұрғысынан айтады. Менің ойымша, бұл жерде жалпы мемлекттік тұрғыда және ресми бізде қабылданған заңдардағы ұстанымдарға сәйкес дәріс берілу тиісті», - деді М.Әбенов.
Қорыта айтқанда Қазақстан қоғамын, әсіресе жастарды экстремистік күштердің теріс пиғылды ықпалынан қорғау үшін насихат, ағарту және түсіндіру жұмыстарын жүргізуге тиімді тәсілдер жасап шығару қажет-ақ.