Ұлттық құрылтай Ұлттық құрылтай

Қазақстан көпірлерді цифрлық басқарудың еуропалық тәжірибесін енгізбек

АСТАНА. KAZINFORM - «Қазақстан жол ғылыми-зерттеу институты» АҚ мамандары Институт әзірлеген Көпірлерді пайдалануды басқару жүйесін (КПБЖ) одан әрі дамыту мақсатында Еуропаның көпір құрылыстарын басқару саласындағы озық тәжірибесін зерделеді.

Қазақстан көпірлерді цифрлық басқарудың еуропалық тәжірибесін енгізбек
Фото: ҚР Көлік министрлігі

ҚР Көлік министрлігі баспасөз қызметінің хабарлауынша, 20-24 шілде аралығында Институт мамандары Италияда Franchetti S.p.A. компаниясы ұйымдастырған Bridge Management and Repair бағдарламасы бойынша оқудан өтті.

Оқу барысында қатысушылар көпір құрылыстарын олардың бүкіл өмірлік циклі бойында басқарудың заманауи тәсілдерімен танысты.

Қазақстан көпірлерді цифрлық басқарудың еуропалық тәжірибесін енгізбек
Фото: ҚР Көлік министрлігі

Атап айтқанда, тексеру мен диагностикадан бастап мониторинг, жөндеу және реконструкциялауға дейінгі процестер қамтылды. Сондай-ақ цифрлық паспорттарды, BIM-модельдерді, цифрлық көшірмелерді, аспаптық мониторинг жүйелерін қолдануға және жөндеу жұмыстарын тәуекелге негізделген жоспарлау тәсілдеріне ерекше назар аударылды.

Әлемдік тәжірибе қазіргі заманғы көпірлерді басқару жүйесі ақаулар пайда болғаннан кейін олардың салдарын жоюға емес, оларды алдын ала болжауға және уақтылы анықтауға негізделуі тиіс екенін көрсетеді. Бүгінде жетекші мемлекеттер мерзімдік тексерулерден көпір құрылыстарының техникалық жай-күйі мен тәуекел деңгейін бағалауға негізделген үздіксіз цифрлық басқару жүйесіне көшіп жатыр.

-Алынған тәжірибе ҚазжолҒЗИ әзірлеген Көпірлерді пайдалануды басқару жүйесін одан әрі жетілдіруге пайдаланылатын болады. Біздің мақсатымыз жүйені цифрлық деректер базасынан көпір активтерін басқарудың толыққанды құралына айналдыру. Бұл жүйе тәуекелдерді объективті бағалауға, құрылыстардың техникалық жай-күйін болжауға және жөндеу жұмыстарының басымдықтарын айқындауға мүмкіндік береді, – дейді институттың басқарушы директоры Андрей Чжен.

Қазақстан көпірлерді цифрлық басқарудың еуропалық тәжірибесін енгізбек
Фото: ҚР Көлік министрлігі

КПБЖ-ні дамыту еліміздегі барлық көпір құрылыстары туралы мәліметтерді, оның ішінде техникалық сипаттамаларын, тексеру нәтижелерін, жөндеу тарихын және мониторинг деректерін бірыңғай цифрлық жүйеге біріктіруге мүмкіндік береді. Соның нәтижесінде жөндеу жұмыстары инженерлік деректер негізінде жоспарланып, жасанды құрылыстарды пайдаланудың қауіпсіздігі артып, бюджет қаражатын тиімді жоспарлау қамтамасыз етіледі.

Алынған білім мен халықаралық тәжірибе Қазақстан Республикасындағы көпір құрылыстарын қалпына келтірудің кешенді бағдарламасын әзірлеуге негіз болмақ.

Осыған дейін хабарлағанымыздай, Қазақстан көпір құрылыстарын жобалауда әлемдік озық тәжірибені енгізбек.