Қазақстан көптеген ел үшін жақсы әрі сенімді әріптес бола алады деп ойлаймыз – Президент
Қазақстан әлемде орын алып жатқан геосаяси күйзелістерді жақсы түсінеді, бірақ ел халықаралық ынтымақтастықты қолдайды, деп мәлімдеді Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев жуырда Euronews телеарнасына берген сұхбатында, деп хабарлайды Kazinform.

Президент Тоқаев сұхбат барысында Қазақстан ашық нарықтық экономикасы бар ел екенін және көптеген елдер үшін жақсы әрі сенімді серіктес бола алатынын атап өтті.
«Менің ойымша, Қазақстан біздің өңірде, Орталық Азияда, тіпті одан тыс жерлерде өте маңызды рөл атқарады», – деді ҚР Президенті.
Қасым-Жомарт Тоқаев жақын көршісі Ресей туралы сөзінде елді «Қазақстанның стратегиялық серіктесі» деп атап, қос мемлекетті әлемдегі ең ұзын құрлықтағы шекара байланыстырып жатқанын еске салды.
«Бізде жақсы ынтымақтастық дәстүрі бар, оны сақтауымыз немесе жоқ дегенде одан бас тартпауымыз керек. Халықаралық аренадағы кейбір сілкіністерге қарамастан, біз бірлесіп жұмыс істей береміз деп ойлаймын», – деді Тоқаев.
Мемлекет басшысы сондай-ақ, жуырда президент Путиннің Қазақстанға жасаған сапары туралы айтып, бұл сапар мемлекеттер арасындағы ынтымақтастықты дамытуға қосымша серпін беру тұрғысында аса жемісті болғанын атап өтті.
«Ресейді әлі де Қазақстанның жақсы серіктесі, стратегиялық серіктесі деп санаймыз. Біз – бір халықаралық ұйымдар мен құрылымдардың мүшесіміз, Ресей қазіргі әлемде өте маңызды рөл атқарады», – деді Тоқаев. Президент сонымен қатар Ресейдің аса маңызды ел және онымен ынтымақтасу қажеттігін мойындау керек екенін тілге тиек етті.
Бұдан бөлек, Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан әртараптандырылған халықаралық саясатты ұстанатынын және Қытаймен, Орталық Еуропадағы, Батыс Еуропадағы әріптестерімен тамаша қарым-қатынаста екенін, сондай-ақ АҚШ-пен стратегиялық серіктестікті қолдайтынын қуаттады.
Айтуынша, Қазақстанның сыртқы саясаты елдің географиялық орналасуына толығымен сәйкес келеді және үнемі әртараптандырылып отырады.