Қазақстан кореяаралық келіссөздерге қатысты БҰҰ ҚК-нің ұстанымын жеткізді

Кеңес қорытындысы бойынша БҰҰ жанындағы Қазақстанның Тұрақты өкілі Қайрат Омаров халықаралық БАҚ өкілдеріне баспасөз мәслихатын өткізіп, Қауіпсіздік Кеңесі 2018 жылдың 9 қаңтарында КХДР мен Корея Республикасы арасында өткен жоғары деңгейдегі келіссөздерді қолдайтынын жеткізді.
Кеңес мүшелерінің пікірінше, екі мемлекет арасындағы бастапқы кезеңдегі осындай диалог өңірдегі сенімді нығайтып, шиеленісті төмендету үшін жаңа мүмкіндіктер ашады.
Бұл ретте, Қауіпсіздік Кеңесінің төрағасы «КХДР мен басқа да мүше-мемлекеттер БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің барлық қарарын жан-жақты әрі қатаң орындауы тиістігін» атап өтті.
Сонымен бірге Қазақстанның БҰҰ-дағы Тұрақты өкілі аталған мәселе бойынша Қазақстанның Сыртқы істер министрлігінің мәлімдемесін оқып берді. Онда Пхеньян мен Сеул арасындағы келіссөздер мен екі мемлекеттің екіжақты қарым-қатынасты жақсарту бойынша күш-жігерін Қазақстанның қолдайтыны айтылған.
Қазақстан Корея түбегіндегі жағдайды диалогтар мен келіссөздер жолымен ретке келтірудегі ұстанымын кезең-кезеңімен жеткізуді жалғастыруда.