Даниялық FLSmidth Қазақстандағы өндірісті локализациялауға инвестиция құяды
АСТАНА. KAZINFORM - Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрлігінің Инвестиция комитетінің төрағасы Ғабидулла Оспанқұлов Данияның FLSmidth компаниясының бас директоры Тони Лааксоненмен кездесу өткізді.
Келіссөздер барысында тараптар тау-кен және цемент өнеркәсібі саласындағы жетекші халықаралық инженерлік компаниялардың бірімен ынтымақтастықты одан әрі тереңдету перспективаларын талқылады.
Сондай-ақ тараптар Қарағанды қаласындағы компанияның қызмет көрсету орталығын кеңейту жобасын іске асыру мәселелерін қарастырды. Жоба Қазақстан мен Орталық Азияның тау-кен кәсіпорындарына қызмет көрсетуге арналған сервистік инфрақұрылымды жаңғырту мен едәуір кеңейтуді көздейді. Инвестициялардың жалпы көлемі шамамен 15 млн АҚШ долларын құрайды.
Ғ.Оспанқұлов аталған жоба жабдық жеткізуге, өндірісті локализациялауға және заманауи технологиялар трансфертіне бағытталған ұзақ мерзімді өнеркәсіптік серіктестіктің үлгісі ретінде қарастырылатынын атап өтті.
Компанияның қызмет көрсету орталығының алдағы ашылуын талқылай отырып, сұхбаттастар ұсынылатын қызметтердің кең ауқымын, оның ішінде жабдық компоненттерін өндіру және жаңарту, тау-кен жабдықтарын жөндеу және жаңғырту, компоненттер мен жинақтарды құрастыру және техникалық қызмет көрсету, сондай-ақ тау-кен металлургия кәсіпорындарына инженерлік-техникалық қолдау көрсету мәселелерін атап өтті.
Кездесу қорытындысы бойынша тараптар диалогты жалғастыруға және өзара тиімді ынтымақтастықты одан әрі дамытуға мүдделі екендерін растады.
Осыған дейін Қазақстан көмір өндіру көлемін ұлғайтып, жарты триллион теңге инвестиция тартатыны туралы жаздық.