Қазақстан көші-қон жүйесін еңбек нарығының сұранысына бейімдеп жатыр
АСТАНА. KAZINFORM — Көші-қон саясатының 2030 жылға дейінгі тұжырымдамасында көзделген шараларды іске асыру азаматтардың, экономиканың және мемлекеттің мүдделеріне сай келетін заманауи әрі тиімді көші-қонды басқару жүйесін одан әрі дамытуға ықпал етеді.
Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі еңбек нарығының сұранысы мен елдің әлеуметтік-экономикалық даму басымдықтарын ескере отырып, көші-қон үдерістерін басқару жүйесін жетілдіруге бағытталған Қазақстан Республикасының көші-қон саясатының 2030 жылға дейінгі тұжырымдамасын кезең-кезеңімен іске асыруды жалғастырып жатыр.
Тұжырымдама көші-қон саласындағы мемлекеттік саясатты кешенді түрде дамытуды көздейді. Оның аясында экономиканы қажетті еңбек ресурстарымен қамтамасыз ету, ішкі еңбек нарығын қорғау және сұранысқа ие білікті мамандарды тарту бағытындағы шаралар өзара үйлестіріліп жүзеге асырылып жатыр.
Көші-қон саласын цифрландыру шеңберінде мемлекеттік органдардың ақпараттық жүйелерімен интеграцияланған бірыңғай цифрлық платформаны дамыту жұмыстары жүргізілуде. Бұл ведомствоаралық өзара іс-қимылдың тиімділігін арттыруға, сондай-ақ мемлекеттік қызметтердің сапасы мен қолжетімділігін жақсартуға мүмкіндік береді.
Сұраныстағы мамандық иелері үшін Қазақстанда тұрақты тұруға рұқсат алу тәртібі жетілдірілуде. Сонымен қатар шетелдік жұмыс күшін тарту тетіктері де одан әрі дамытылып, жұмыс берушілердің жауапкершілігі күшейтіліп, қазақстандық мамандардың кәсіби білімі мен тәжірибесін жетілдіру мақсатында тәлімгерлік институты кеңінен қолданылуда.
Ерікті қоныс аудару бағдарламасын жетілдіру жұмыстары кезең-кезеңімен жалғасып жатыр. Бағдарламаға қатысушыларға көрсетілетін мемлекеттік қолдау көлемі кеңейтіліп, экономикалық ұтқырлық сертификатының мөлшері ұлғайтылды, қолдау алушылардың санаты кеңейтілді. Сонымен қатар азаматтарға қоныс аударғанға дейін жұмыс орындарын алдын ала іріктеу тетіктері енгізіліп отыр.
Қоныс аударушыларды қабылдау және олардың қоғамға бейімделуіне жағдай жасау мәселелеріне ерекше назар аударылуда. Өңірлерде оларға өтеусіз негізде жұмыспен қамтуға жәрдемдесу, тілдік даярлықтан өткізу, медициналық сүйемелдеу және балаларын білім беру ұйымдарына орналастыруды қамтитын кешенді интеграциялық қызметтер көрсетіледі.
Бейімдеу жүйесінің маңызды тетіктерінің бірі — мемлекеттік тілді меңгеру деңгейін бағалау. Бұл бағалау елге қоныс аударатындардың қосымша қолдау шараларына деген қажеттілігін айқындап, олардың қоғамға бейімделуіне жеке тәсілді қалыптастыруға мүмкіндік береді.
— Қазақ тілін меңгеру деңгейін бағалау елге келушілердің қазақстандық қоғамға табысты бейімделуі үшін қандай қолдау қажет екенін айқындауға бағытталған. Қажет болған жағдайда оларға тиісті мемлекеттік қолдау шаралары көрсетіледі, — деді Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі Көші-қон комитеті төрағасының міндетін атқарушы Эльмира Тілләбайқызы.
Айта кетелік ҰКҚ елордадағы көші-қон қызметі басшысының орынбасарын ұстауға қатысты түсінік берген еді.