Қазақстан кубогында Ақтөбе мен Жетісу облысының құрамасы жеңімпаз атанды
АСТАНА. KAZINFORM – Шымкентте 14 жасқа дейінгі теннисшілер арасында Қазақстан кубогы аяқталды. Командалық біріншілік 24-29 тамыз аралығында «Beeline Arena» корттарында өтті. Ұлдар мен қыздар арасындағы жарысқа еліміздің әр өңірінен 16 командадан қатысты.
Теннис федерациясы мәліметінше, ұлдар арасында Ақтөбе облысының құрамасы жеңімпаз атанды. Финалда команда Шымкент өкілдерімен кездесіп, 2:1 есебімен жеңіске жетті.
Алғашқы жекелей кездесуде ақтөбелік Альбара Оразбай Парвиз Сапаевты 2:6, 6:0, 6:1 есебімен жеңді. Одан кейін Сырымжан Барлыков Ярослав Бобровтан 6:2, 6:0 есебімен басым түсіп, өз командасына жалпы жеңісті қамтамасыз етті.
Ұлдар арасындағы қола жүлдені Алматы-1 командасы иеленді. Үшінші орын үшін кездесуде алматылықтар Астана-1 командасын 2:1 есебімен жеңді.
Ұлдар арасындағы қорытынды үштік:
1 — Ақтөбе облысы
2 — Шымкент
3 — Алматы-1
Қыздар арасында Жетісу облысының құрамасы бірінші орын алды. Шешуші кездесуде Жетісу теннисшілері Шымкент командасын 2:1 есебімен жеңді.
Айым Қанағатова Айлин Морозды 6:0, 6:1 есебімен жеңіп, командасына алғашқы ұпайды әкелді. Кейін Шымкент өкілі Эмилия Старусева Адема Альсейпулованы 6:3, 7:6 (5) есебімен жеңіп, жалпы есепті теңестірді. Кубок иегері жұптық кездесуде анықталды. Онда Қанағатова мен Альсейпулова Старусева мен Тузельбаевадан 6:0, 6:0 есебімен басым түсті.
Үшінші орынды Астана-1 командасы иеленді. Қола жүлде үшін кездесуде елордалық теннисшілер Қарағанды облысының өкілдерін 2:1 есебімен жеңді.
Қыздар арасындағы турнир қорытындысы:
1 — Жетісу облысы
2 — Шымкент
3 — Астана-1
Қазақстан кубогы командалық форматта өтті. Бірінші кезеңде қатысушылар төрт топқа бөлінді. Одан кейін үздік командалар плей-офф кезеңінде бірінші орыннан сегізінші орынға дейінгі орындар үшін таласты.
Айта кетейік, Қазақстан велотректен Азия кубогында бес алтын медаль жеңіп алды.