Қазақстан кубогы үшін ойында «Ақжайық» қатарынан екінші жеңісіне қол жеткізді

Бұл кездесуде бірінші таймда есеп ашылған жоқ.
Ойынның екінші кезеңінде «Ақжайық» сапындағы грузиялық шабуылшы Тома Табатадзе 51-минутта мергендік танытты. Бұл оның оралдықтар құрамына қосылғаннан кейінгі үшінші голы еді. Т.Табатадзе «Каспиймен» өткен кубоктық матчта қос голдың авторы атанған болатын.
Конференция лигасында өнер көрсететін «Қызылжар» қанша шабуылдап баққанымен, есеп өзгерген жоқ. 1:0, «Ақжайық» пайдасында.
Осылайша, молдовалық маман Игорь Пикущактың шәкірттері Қазақстан кубогы ойындарында қатарынан екінші жеңісіне қол жеткізіп, өз тобында 6 ұпаймен екінші орында келеді. Бұл топта 9 ұпаймен Қызылорданың «Қайсары» көш бастап тұр.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын Қазақстан кубогы үшін ойында «Ақжайықтың» «Каспийді» ұтқанын жазған болатынбыз.
Суреттерді түсірген Айбатыр Нұраш.