Қазақстан құрамасы Futures Cup турнирінде медальдар кестесінде қай орынды алды

АСТАНА. KAZINFORM -Таиланд астанасы Бангкок қаласында өткен Futures Cup халықаралық турнирінде қай елден қанша боксшы алтын медаль алғаны белгілі болды.

Бибарыс Әшірбай
Фото: Қазақстан бокс федерациясы

Қазақстандық спортшылар халықаралық турнирде 4 алтын, 4 күміс, 3 қола медаль жеңіп алды. Нәтижесінде медальдық есепте екінші орынға ие болды.

Бірінші орындағы Өзбекстан төрт алтын алғанымен біздің құрамадан бір күміс жүлдесі артық. Отандастарымыз тағы бір төрт алтын жүлдеге қол созған АҚШ құрамасынан алға шықты.

Жарыста Өзбекстан, Қазақстан, АҚШ - 4 алтын алса, Англия, Франция, Самоа, Үндістан, Италия, Украина, Жапония, Грузия боксшылары бір-бір мәрте жеңіс тұғырына көтерілді.

Отандастарымыз арасынан Досжан Жұмақан (60 келі), Айдана Убайдуллақызы (80 келі), Хамза Мақсатұлы (75 келі), Бибарыс Әшірбай (70 келі) чемпион атанды.

Енді ел құрамасынан Камила Оспанова (70 келі), Жалғас Өтебеков (90 келі), Тимур Тайбеков (80 келі), /Владислав Саможонов (90 келіден жоғары) күміс медаль алды.

Ал Ақнұр Тұрсынғали (57 келі), Зарина Толыбай (75 келі), Нұрсұлтан Қыстаубай (85 келі) жарысты қола жүлдемен аяқтады.