Қазақстан құрамасы көркем гимнастикадан Азия чемпионатында тағы бір күміс алды

АСТАНА. KAZINFORM - Қырғызстанда өтіп жатқан көркем гимнастикадан Азия чемпионатында топтық сайыста өнер көрсеткен Ұлттық құрама 5 доп жаттығуының финалында 26.30 ұпай жинап, екінші орын алды деп хабарлайды ҚР Туризм және спорт министрлігі Спортты дамыту дирекциясының баспасөз қызметі.

көркем гимнастикадан Азия чемпионаты
Фото: Спортты дамыту дирекциясы

Аталған бағдарламада 10 елдің құрамалары бақ сынап, өзара мықтыны анықтауда.

Нәтижесінде Қытай құрамасы 27.95 ұпаймен көш бастады. Ал үшінші орын Оңтүстік Кореяға (25.35) бұйырды.

Еске сала кетейік, былтырғы Азия чемпионатында қыздарымыз топтық жаттығуда 3 шығыршық және 2 жұп ұршық сайысында алтын медаль жеңіп алып, 5 таспа бәсекесінде күміс жүлдеге қол жеткізген болатын.

Сонымен қатар, бұл жарыс күзде Жапонияда өтетін Азия ойындарына дайындық кезеңдерінің бірі болып саналады.

Осыған дейін көркем гимнастикадан Азия чемпионатында Қазақстан топтық көпсайыста жүлде алғаны туралы жаздық.