Қазақстан құрамасы көркем гимнастикадан командалық көпсайыста күміс жүлде иеленді

АСТАНА. KAZINFORM — Қазақстан құрамасы көркем гимнастикадан Азия чемпионатында командалық көпсайыста күміс жүлде иеленді. Бұл туралы ҰОК хабарлады. 

Қазақстан құрамасы көркем гимнастикадан командалық көпсайыста күміс жүлде иеленді
Фото: ҰОК

Қырғызстан астанасы Бішкек қаласында өтіп жатқан көркем гимнастикадан Азия чемпионатында Қазақстан құрамасы командалық көпсайыс қорытындысы бойынша екінші орын алды.

Командалық көпсайыста отандастарымыз жалпы 263.65 ұпай жинады.

Бұл сында ел намысын Айбота Ертайқызы, Ақмарал Ерекешева, Аида Хакімжанова, Мадина Мырзабай, Жасмин Джунусбаева, Айзере Кеңес, Нұрмағамбетова және Кристина Чепульская қорғады.

Аталған бағдарламада Өзбекстан құрамасы (265.8 ұпай) топ жарса, үздік үштікті Қытай түйіндеді.

Құрама команданың жаттықтырушылары – Меруерт Балғынбаева мен Екатерина Панченко. Бас бапкер – Лола Әділбекова. Айта кетейік, бұл жарыс күзде Жапонияда өтетін Азия ойындарына дайындық кезеңдерінің бірі болып саналады.

Айта кетелік Қазақстан грек-рим күресінен жастар арасындағы Азия чемпионатында екі алтын медаль жеңіп алған еді.