Қазақстан құрамасы жағажайдағы Азия ойындарын сегіз медальмен аяқтады

АСТАНА.KAZINFORM - Қазақстан құрамасы Қытайдың Санья қаласында өтіп жатқан 2026 жылғы жағажайдағы Азия ойындарында өнер көрсетуін аяқтады. Ұлттық құраманың еншісінде сегіз медаль бар. Оның біреуі – алтын жүлде.

ц
Фото: Никита Басов, Қазақстан ҰОК

ҚР ҰОК мәліметінше, алтын медальді 69 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде сынға түскен джиу-джитсу шебері Нұржан Батырбеков жеңіп алды.

в
Фото: Никита Басов, Қазақстан ҰОК

Қазақстан әйелдер құрамасы су добынан күміс жүлдеге қол жеткізді. Ел намысын Ариадна Затыльникова, Камила Наурызбаева, Таира Мухаева, Яна Смолина, Василиса Антропова, Фатима Маткаримова және Аида Алпысбай қорғады.

Джиу-джитсу құрамасы алтыннан бөлек, тағы үш қола медаль еншіледі. Батыр Теңізбай (62 келіге дейін), Әлинұр Қуатұлы (69 келіге дейін) және Сейілхан Болатбек (77 келіге дейін) үздік үштіктен көрінді.

с
Фото: Никита Басов, Қазақстан ҰОК

Қазақстан су добынан ерлер арасында өткен бәсекеде қоржынға тағы бір қола жүлдені салды. Жүлдегерлер қатарында Темірлан Балфанбаев, Сұлтан Шонжігітов, Мұрат Шәкенов, Эдуард Цой, Руслан Ахметов, Александр Еремин және Алдияр Әкімбай бар.

Спорттық құзға өрмелеу шеберлері Азия ойындарын екі медальмен түйіндеді. Ришат Хайбуллин жекелей сында қола жүлдеге ие болды. Сонымен қатар Ришат пен Рашид Хайбуллиндер эстафетада да үшінші орынға жайғасты.

в
Фото: Никита Басов, Қазақстан ҰОК

Сондай-ақ Қазақстан бұл додада ашық суда жүзу және акватлоннан аралас командалық сайыста, сондай-ақ, жағажай күресінен Ермахан Көшкінбаев (80 келіге дейін), Бейбіт Сейдуәлі (70 келіге дейін) және Алина Ертөстік (70 келіден жоғары) төртінші орын алды. Бесінші орынға Дарын Қонысбаев (акватлон), джиу-джитсу шеберлері Мансұр Хабибулла (62 келіге дейін), Жібек Құлымбетова (52 келіге дейін) және Ажар Салықова (63 келіге дейін) тұрақтады. Жалпы Қазақстан спортшылары тоғыз спорт түрінде бақ сынады.

а
Фото: Никита Басов, Қазақстан ҰОК

Айта кетейік, жағажайдағы Азия ойындары 30 сәуірде аяқталады. Соңғы жүлделер гандболдан әйелдер арасындағы бәсекеде сарапқа салынады.

в
Фото: Никита Басов, Қазақстан ҰОК

Футболдан Қазақстан кубогы ширек финалына шыққан 5 команда анықталғанын жазған болатынбыз.