Қазақстан құрамасының бас бапкері Уэльспен болатын ойынға қатысты пікір білдірді

АСТАНА.KAZINFORM — Қазақстан құрамасының бас бапкері Әли Әлиев 2026 жылғы әлем чемпионатының іріктеу кезеңіндегі Уэльс құрамасына қарсы ойынға арналған баспасөз мәслихатында команданың дайындығы туралы айтты. 

Қазақстан құрамасының бас бапкері Уэльспен болатын ойынға қатысты пікір білдірді
Фото: Виктор Федюнин / Kazinform

— Біріншіден, ойынға дайындалғаны үшін барлығына алғыс айтқым келеді. Біз футболшыларымыз ойнайтын қалаларды аралап, олардың физикалық және тактикалық жағдайларын бағамдадық. Ойыншылар оқу-жаттығу жиынына көтеріңкі көңіл-күймен, зор ықыласпен келді, — деді бас бапкер.

Сонымен қатар, Әлиев құрамадағы ойыншылардың жарақаты бар екенін жасырмады.

— Өкінішке қарай, Еркін Тапалов шеміршегінен жарақат алып, ойынға қатыса алмайды. Ислам Чесноковтың белгілі бір проблемалары бар, ол туралы шешім Уэльс және Бельгиямен болатын матчтардың стратегиясын ескере отырып қабылданады. Клуб басшылығы мен жаттықтырушыларға алғысымды білдіргім келеді, дайындыққа барлығы үлес қосты, — деді ол.

Айта кетейік, Қазақстан құрамасы әлем чемпионаты іріктеу кезеңі аясында 4 қыркүйекте Астанада Уэльс құрамасымен кездеседі.

Осыған дейін хабарлағанымыздай, Қазақстан ұлттық құрамасының бас бапкері Әли Әлиев әлем чемпионаты іріктеу кезеңіндегі алдағы екі ойынға шақырылған футболшылардың нақты тізімін жариялады.

Соңғы жаңалықтар