Қазақстан құрамасының шабуылшысы Бельгиямен өткен ойын туралы пікір білдірді
АСТАНА. KAZINFORM — Қазақстан мен Бельгия құрамалары арасындағы матчтан кейін, Kazinform агенттігінің меншікті тілшісіне Қазақстан құрамасының шабуылшысы Дастан Сатпаев пікір білдірді.

— Ең алдымен, бүгін біздің құраманы қолдауға келген барлық қазақстандық жанкүйерлерге алғыс айтқым келеді. Бүгін қиын ойын болды. Әрине, осындай нәтиже үшін кешірім сұраймыз. Бірақ біз нәтижені талдап, алдағы уақытта жақсырақ болуға тырысамыз. Алла қаласа, болашақта Бельгия секілді мықты құрамалармен тең дәрежеде бәсекелесе аламыз, - деді ол.
Сондай-ақ, екінші таймның 79-минутындағы жылдам шабуыл эпизоды туралы қысқаша айтып өтті.
Дастан Сатпаев орталықтан сәл солға қарай қарсылас айып алаңына қарай өтіп, 20 метр қашықтықтан төменнен қақпаға соққы жасаған еді. Бельгия қақпашысы Тибо Куртуа допты сенімсіз түрде кері қайтарды, бірақ қазақстандық ойыншылар қайтарылған допқа жете алмады.
— Мүмкін Ислам Чесноковқа пас беруім керек еді, бірақ өзім соққы жасауға шешім қабылдадым. Бұл жағдайда дұрыс шешім қабылдадым деп ойлаймын, — деді Дастан Сатпаев.
Еске салайық, Қазақстан 2026 жылғы әлем чемпионатының іріктеу кезеңіндегі ойында Бельгиядан 0:6 есебімен жеңілді.
Кейін Қазақстан құрамасының бас бапкері отставкаға кететінін мәлімдеді.