Қазақстан құрамасы Ресей командасынан жеңіліп қалды - хоккейден әлем чемпионаты
Ойынның 11-ші минутында есепті ресейліктердің шабуылдаушысы Александр Овечкин ашты. Ойынның екінші кезеңінде, атап айтқанда 21-ші минутта - Илья Ковальчук, 38-ші минутта - Александр Семин Қазақстан құрамасының қақпашысы В.Еремеевті қапы қалдырды. Ал төртінші шайбаны ойынның соңына 15 минут қалғанда Ресей командасының қорғаушысы Денис Гребешков салды.
Қазақстандықтар болса, ойын бітуге бірнеше секунд қалғанда жалғыз ғана шайбаны соқты. Шайбаның авторы - Дмитрий Дударев.
Нәтижесінде, Ресей құрамасы екі ойыннан кейін 6 ұпай жинап, келесі кезеңге қиналмай өтіп отыр. Ал әлі Словакиямен бір ойыны бар Қазақстан командасының қоржынында бірде-бір ұпай жоқ. Беларус құрамасымен болған бірінші ойынында қазақстандықтар 2:5 есебімен жеңіліп қалған болатын.
Естеріңізге сала кетейік, әлем чемпионатында Қазақстан құрамасы Беларус, Словакия және Ресей командалары кірген «А» тобында ойнап жатыр.
Кеше болған Беларус және Словакия құрамаларының ойыны 2:4 есебімен, словактардың жеңісімен аяқталды.