«Қазақстан қырық елден ішімдік алады» - республикалық басылымдарға шолу
АСТАНА. 21 қыркүйек. ҚазАқпарат - Қазақ ақпарат агенттігі республикалық басылымдарда 21 қыркүйек, жұма күні шыққан өзекті мақалаларға шолуды ұсынады.
***
«Егемен Қазақстан» басылымының жазуынша, енді жұрт Қостанайды тағы бір «тұлпарлардың» мекені деп біле бастады. Осындағы «АгромашХолдинг» акционерлік қоғамы Кореяның SsangYong, Украинаның Chance, италиялық IVECO, ресейлік УАЗ және ауылшаруашылық техникаларын шығара бастады. Үстіміздегі жылы SsangYong жүрдек машиналарының 2500 данасын, 2000 Chance, 500 комбайнды, 400 IVECO машинасын қатарға қояды. Кәсіпорын мұнымен шектеліп отырған жоқ, таяу жылдарға жасалған жоба бойынша отандық Nomad және ұсақ торапты құрастыру әдісімен құралатын автомобильдер қатарға қойылмақ. Бұл жобаның құны 11 миллиард теңгеге жуықтайды. CKD деп аталатын осы әдіс жүзеге асқанда Қостанайдан жылына 25 мың темір «тұлпар» иелеріне жол тартатын болады. Қазір «АгромашХолдинг» компаниясы жылына 8000 машина құрастыра алады. CKD жұмыс істегенде 300 қостанайлыққа жұмыс орны тағы ашылады. Ең бастысы, автомобиль құрастыру ісінде қазақстандық үлес көтеріледі, ол қазірдің өзінде 40 пайызды құрайды. Машинаны тек құрастырмай, оның бояу, дәнекерлеу сияқты көп жұмыс түрлері зауытта атқарылады. Бұл жұмыс орнын да көбейтпек. Осы мақала газеттің бүгінгі санында «Қостанайдың темір «тұлпарлары» атты тақырыппен беріліп отыр.
«Кеше Астанада Қазақстан Республикасының Сыртқы істер министрі Ержан Қазыханов Кения Республикасы Сыртқы істер министрлігінің тұрақты хатшысы Туита Муангиді қабылдады. Кездесу барысында Е.Қазыханов Қазақстан мен Кения сыртқы саясат ведомстволары арасында өзара ақпарат алмасу жолдарын бір ізге салуды ұсынды. Бұл өз кезегінде болашақта жүзеге асатын өзара түрлі бастамаларды қолдауға мүмкіндік бермек. Сондай-ақ, кездесу аясында ҚР СІМ Жауапты хатшысы Рәпіл Жошыбаев пен Кения СІМ Тұрақты хатшысы Туита Муанги Қазақстан Республикасы мен Кения Республикасы сыртқы істер министрліктері арасындағы өзара түсіністік туралы меморандумға қол қойды», - деп жазады «Егемен Қазақстан» газеті бүгінгі санында. Екі мемлекет арасындағы ынтымақтастықты дамыту жайында «Байланыстарды дамытудың жолдары қаралды» деген материалдан оқи аласыздар.
***
«Айқын» басылымының бүгінгі санында «Қазақстан қырық елден ішімдік алады» атты мақала жарық көрді. Газеттің жазуынша, Елімізде соңғы бес жылда арақ-шарап өндіру 30 пайызға азайып кеткен. Сонда тұрғындар ішімдікті аз пайдалана бастаған ба, әлде отандық өнімдерге сұраныс төмен бе? Статистика агенттігі мәліметтеріне қарағанда, 2011 жылы Қазақстанға әлемнің 40-тан астам елінен алкогольді ішімдік импортталған. Сөйтіп, 64 млн 682 мың литр сыра, 11 млн 999 мың литр табиғи шарап, 1 млн литрге жуық хош иістендіргіш, өсімдік заттары қосылған шарап, 6 млн 780 мың литр арақ қазақстандық дүкен сөрелерін толтырған. Сонда елімізде әр адам басына шаққанда, жылына орта есеппен 5 литрден шетелдік ішімдіктен келеді. Әрине, осыдан кейін қазақстандықтардың тек кілең қымбат әрі жоғары сапалы, таңдаулы арақ-шараптарға ден қоя бастағаны жайлы топшылауға болар еді. Бірақ, шын мәнісінде, жағдай - басқаша. Өткен жылы елімізде ең көп импортталған ішімдіктің түрі - сыра. Бұл өтімді ішімдік былтыр бірнеше еуропалық елдерден, оның ішінде Бельгия, Германия, Чехиядан көбірек әкелінген. Импорт көлеміне қарағанда, Мексика мен Қытайдан шығарылатын сыраға да сұраныс бар. Алайда барлық алыс шетелдерден елге тасымалданатын сыраның көлемін (2 млн 287 литр) Ресей мен Беларусьтан әкелінетін өніммен салыстырсақ, бұл - теңізге құйылған тамшыдай-ақ. Әрине, Қазақстанның бұл екі елмен Кеден одағын құрғанын ескерсек, жаңа экономикалық жағдай үш елдегі сыра шығарушылардың саудасын қыздыра түсуі тиіс. Десек те, қазақстандық кәсіпкерлер өткен жылы ең көп сырасын тап осы «одақтастарына» емес, көрші Қырғызстанға өткізіпті. Ал Қазақстанға 2011 жылы 61 млн литрден астам сырасын жіберген Ресейге бар-жоғы... 782 мың литр қазақстандық сыра кетсе, Беларусьқа бір литр де өтпеген.
Осы басылымның жазуынша, дәріні дұрыс таңдап, оны пайдалана білу де сауаттылықтың белгісі. Бүгінгі таңда отандастарымыз дәрінің көмегіне қаншалықты жүгінеді және дәрі-дәрмектің еміне сене ме? Сондай-ақ медициналық препараттар туралы білім қандай? Осы сұрақтарға жауап іздеу мақсатымен 18 сәуір мен 20 мамыр аралығында жүргізілген сауалнамаға еліміздің 16 қаласынан 16 жастан жоғары 1039 ерлер мен әйелдер қатысқан. Олардың 66 пайызы дәрілік препараттар өмірімізді сақтап қалатындықтан белгілі бір жағдайда ғана қажет десе, 21 пайызы өз ағзасының күшіне сенеді. Олардың пікірінше, сырқаттардың бір бөлігі дәрінің көмегінсіз айығып кетеді. Мұндай пікірді ұстанушылардың басым бөлігі - ер адамдар. Бұл мақала «Дәрі-дәрмекті дұрыс пайдаланып жүрміз бе?» деген тақырыппен берілді.
***
Еуразиялық интеграция қандай бір тараптың мүддесіне емес, тепе-тең әріптестік қағидатына негізделуі тиіс. Өткен аптада Ресейдің Мемлекеттік Думасының спикері Сергей Нарышкин бір басылымға сұхбаты барысында «жақын уақытта Еуразиялық Парламент құрылады» дегенді айтып қалды. Бұл асығыс жасалған саяси пікір Қазақстандағы сарапшылардың қатаң сынына ұшырады, қоғамдық талқылау туғызды. Бүгінгі «Алаш айнасы» басылымының «Ой-көкпар» айдарындағы «Мемлекетаралық кейбір саяси-экономикалық кедергілерді толық жоймай тұрып, Еуразиялық парламент құру мәселесі асығыстық болмай ма?» атты материалда сарапшылардың бұл тақырыпқа қатысты қарама-қайшы пікірлері көрініс тауып отыр.
Осы басылымның жазуынша, Оңтүстіктің денсаулық сақтау саласы дүрлігіп тұр. Сала басшылары этиканы ысырып қойып, даудың көрігін қыздыруда. Бас дәрігерлердің басы бірікпей, екіге жарылды. Облыс әкімі Асқар Мырзахметов «Ырыс алды - ынтымақ» жиынын өткізіп, елді бірлікке шақырып жүргенде ақ халаттылардың арасындағы алауыздықтың белең алуы арқаға аяздай батады. Бұл жөнінде кеңірек «Басқарма басшысы мен бас дәрігерлер дуэлге шықты» атты мақаладан оқып-білуге болады.