Қазақстан Лукойлдың Қарашығанақтағы үлесін сатып алу туралы ұсыныс жіберді ме – ҚазМұнайГаз жауабы

АСТАНА. KAZINFORM – Қазақстан АҚШ санкциясына тап болған ресейлік «Лукойл» компаниясының Қарашығанақтағы үлесін 300 млн долларға сатып алу туралы ұсыныс әзірлеп, жіберген. Nege.kz сайты өз дереккөзіне сүйеніп осындай мәлімет таратқан. 

«Лукойл» согласился продать свои зарубежные активы компании Gunvor
Фото: Anadolu Ajansı

«ҚазМұнайГаз» ұлттық компаниясының баспасөз қызметі осы ақпарат туралы пікір білдірді.

Nege.kz-тің жазғанына қарағанда, «Лукойл» компаниясы Қарашығанақ пен Теңіз жобаларындағы үлесін 26 күннің ішінде сатып үлгеру керек. Сондықтан «ҚазМұнайГазбен» мәмілеге келу ресейлік компания үшін осы жағынан тиімді болуы мүмкін.

«Лукойлдың» Қарашығанақ жобасында 13,5% үлесі бар. Былтыр осы үлестен 180 млн доллар табыс көрген. 

«ҚазМұнайГаз» компаниясы АҚШ-тың «Лукойлға» санкция салғанын еске салып, бұған дейін барлық жағдайға қатысты ақпарат таратқанын атап өтеді.

- Өздеріңіз білетіндей, бұған дейін АҚШ «Лукойл» жария акционерлік қоғамына қарсы санкциялар енгізген болатын. Бірлескен жобаларға қатысушылар қазір санкция шектеулеріне де, сыртқы факторлардың ықтимал өзге де әсеріне де кешенді бағалау жүргізіп жатыр. Бағалау құқықтық, қаржылық және техникалық аспектілерді ескере отырып жүргізіледі. Жоба Қазақстан заңнамасы мен келісімшарт міндеттемелеріне сәйкес белгіленген тәртіппен жалғасады. Барлық келісімдерде шектеу шаралары енгізілген жағдайда іс-қимыл тәртібін айқындайтын санкция туралы ескертулер көзделген. Аталған ереже шарттары құпия, - деп жазылған компанияның ресми мәліметінде.

Еске салсақ, Энергетика министрінің орынбасары Санжар Жәркешов Үкімет отырысынан кейін өткен баспасөз мәслихатында санкцияға түскен «Лукойлдың» Қазақстандағы жобалары туралы пікір білдірген еді. 

Соңғы жаңалықтар