Қазақстан медицинасы сапалы деңгейге көтеріліп келеді

АСТАНА. ҚазАқпарат - Бүгін Қазақстан Үкіметі «Саламатты Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасының 2011-2013 жылдар аралығындағы 1 кезеңінің қорытындысын шығарды. Осыған орай ҚР Президенті жанындағы Орталық коммуникациялар қызметіне келген ҚР Денсаулық сақтау министрі Салидат Қайырбекова аталған бағдарламаның 6 бағыты бойынша қолға алынған шаралар, олардың нәтижелері жайында тарқата айтып берді.

Қазақстан медицинасы сапалы деңгейге көтеріліп келеді

Оның атап өтуінше, бағдарламаның І бағыты қоғамдағы денсаулық сақтау мәселелері бойынша ведомствоаралық және сектораралық өзара іс-қимыл тиімділігін арттыруға бағытталған. «Біздерде салауатты өмір салты, дұрыс тамақтану, көлік қауіпсіздігі бойынша нәтижелі бірқатар жетістіктер бар екендігін айта аламын. Дегенмен де бұл бағыттағы сектораралық өзара іс-қимылдарды жақсарту талап етіледі», - деген ол халықтың денсаулық жағдайына қандайда бір әсер ететін барлық мемлекеттік құрылымдарға ортақ жауапкершілік жүктейтін 7 сектораралық бағдарлама 2011 жылдан бері жүзеге асырылғанын атап өтті. ІІ бағыт - негізгі әлеуметтік маңызы бар сырқаттар мен жарақаттарды емдеу, оңалту, диагностикалауды жетілдіру, скринингілік тексерулер, профилактикалық іс-шараларды күшейту. Министрдің сөзіне қарағанда, бұл бағытта Қазақстан халқының 30 пайызы скринингтік бағдарламамен қамтылған. Нәтижесінде министрлік 25 млн. зерттеу жүргізіп, азаматтардан шамамен 5 млн. ауру түрін анықтаған. Олардың барлығы да арнайы есепке алынып, бүгінде сауықтырылуда. «Ауруды ерте анықтау, ең біріншіден, өмірдің сапасын сақтауға мүмкіндік береді. Екіншіден, министр ретінде үнемді екендігін де атап өткім келеді. Мәселен, 1-2 сатыдағы сүт безі обырын емдеу мемлекетке 780 мың теңгеге түссе, 3-4 сатыдағы түрін емдеу 26,5 млн. теңгеге шығады»,- деді С.Қайырбекова. Қазіргі уақытта елімізде ауруды ерте кезеңде анықтау және диагностикалау мен емдеудің жоғарғы технологиялық әдістерін қолдануды кеңейту арқылы қан айналымы жүйесі ауруынан болатын өлім-жітім 2 есеге төмендеді. Тек өткен жылдың ішінде республика бойынша 60 мыңнан астам кардиохирургиялық операция жасалды, бұл 2010 жылғы деңгейден 38 мың отаға артық. Бұдан бөлек қатерлі ісік ауруларынан болатын өлім-жітім 11 пайызға төмендеді. Яғни, 2012-2016 жылдарға арналған онкологиялық көмек көрсетуді дамыту бағдарламасы аясында қабылданған шаралардың барлығы өз нәтижелерін беруде десек те болады. «Біздерге ауруды ерте анықтап, скальпельмен аз жұмыс істеп, шетелдегідей жоғары дәлдікті оталар жасау қажет», - деп қосты министр. С.Қайырбекованың атап өтуінше, санитарлық-эпидемиологиялық қызметті жетілдіру бағытында да аз жұмыс атқарылған жоқ. Соның нәтижесінде республикадағы инфекциялық ауруларды эпидемиологиялық қадағалау жүйесінің тиімділігін Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы қуаттап, Қазақстанды полиомиелиттен және безгектен еркін ел деп таныды. Жалпы, елімізде жыл сайын мемлекеттік бюджет қаражаты есебінен тұрғындарды барлығы 21 инфекциялық ауруға қарсы егу жүзеге асырылады. Жыл сайын 5 млн. жуық адам егіледі. Қазақстанда вирусты гепатиттің барлық түрлері республикалық бюджет қаражаты есебінен емделеді. Қазіргі уақытта пневмококк инфекциясына қарсы республиканың 10 өңірінде иммундау жүргізіледі, 2015 жылы вакцинациялау республиканың барлық өңірінде жүргізілетін болады. Жыл сайын энзоотикалық аймақта тұратын 118 мыңнан аса адам обаға қарсы егіледі. Ал бірыңғай ұлттық денсаулық сақтау жүйесіндегі медициналық көмекті қаржыландыру және басқару, ұйымдарды жетілдіру бағытында стационар алмастырушы және жоғарғы технологиялар көлемін арттыру есебінен стационарлық көмекке қолжетімділік қамтамасыз етілді. Тек 2013 жылдың өзінде 3,2 млн. адам стационарлық және стационар алмастырушы көмек алды. «Бізде жоғары технологияларды енгізе бастаудың арқасында адамдарымызды шетелге емдеуге аз жібере бастадық. Айталық, бүйрек алмастыру шетелде 4,5 млн. теңгені құрайды. Ал бүгінде Қазақстанда біз мұндай операцияны өзіміздің клиникаларда жасап, 2,1 млн. теңге төлейміз. Яғни, ешқайда барудың қажеті жоқ. Бір адамды шетелге жіберіп емдеткеннен, Қазақстанда бірнеше адам емдеуге болады», - деді министр. Оның атап өтуінше, ведомство жұмысына жаңа әдістер енгізілуде. Соның нәтижесінде ағымдағы жылы бюджет қаражаты айтарлықтай үнемделіп отыр. «Бұрындары біздерде көп қаржы стационарларға, қымбат емдеу шараларына жұмсалатын. Бүгіндері біз стационарлардың ақша пайдалану деңгейін төмендете алдық», - деген С.Қайырбекова күндізгі стационарлар қызметін кеңейтудің арқасында 76 млрд. теңге үнемделгенін баса айтты. Сапалы медициналық көмек, бірінші кезекте медициналық кадрлардың жоғары біліктілігіне байланысты. Сондықтан да бағдарламаның V бағытында кадрлардың медициналық, фармацевтикалық білімін жетілдіруге, медицинада инновациялық технологияларды дамыту және енгізуге баса назар аударылған. Қазіргі уақытта денсаулық сақтау жүйесінің білікті мамандарын кәсіби түрде даярлауды 6 мемлекеттік, 1 мемлекеттік емес жоғары оқу орындары және көпбейінді университеттердің 3 медициналық факультеті бакалавриат, интернатура, резидентура, магистратура, PhD-докторантураның барлық деңгейдегі жоғары білім жүйесін жүзеге асырады. Бүгінде еліміздің медициналық ЖОО-ларда 29,5 мың студент мемлекеттік тапсырыс есебінен білім алуда. Орташа алғанда жыл сайын 3 мың түлек оқуын бітіріп шығады. Қызметкерлердің біліктілігін арттыру және кадрларды қайта даярлау бағытында республикалық бюджет қаражаты есебінен соңғы 3 жылда республика ішінде 87 мың жоғарғы мен орта медициналық және фармацевтикалық білімі бар маман біліктілігін арттырды. 618 қазақстандық маман шетелдердің жетекші медициналық орталықтарына барып оқып қайтты. Отандық ұйымдардың базасында да 331 жетекші шетелдік маман шақырылып, шеберлік-сабақтарын өткізді. VI бағыт - медициналық ұйымдарды медициналық техникамен жабдықтауды жақсарту, халық үшін дәрілік заттардың сапасын және қолжетімділігін арттыру. Бұл бағытта министрлік мемлекеттік бағдарлама аясында дәрілік заттардың сапасын және қолжетімділігін арттыру мақсатында барлық деңгейде дәрілік заттармен қамтамасыз етуді жетілдіру бойынша жұмысты үздіксіз жүргізуде. Тегін дәрілік заттармен қамтамасыз ету үшін стационарлық және амбулаторлық деңгейде сабақтастырылған терапияны ескере отырып, дәрілік заттардың тізімі оңтайландырған. 2013 жылы республиканың барлық аймағында автоматтандырылған дәрілік заттармен қамтамасыз етудің ақпараттық жүйесі енгізілді. Бұл мемлекеттің кепілдендірілген көлемінде алынған дәрілік заттарға мониторинг жүргізуге және шынайы уақытта бақылауға мүмкіншілік береді. Ауыл тұрғындары үшін дәрінің қолжетімділігін қамтамасыз ету үшін дәріханалары жоқ 3 мыңнан аса ауылдық пункттер МСАК объектілері арқылы дәрілік заттарды алу ұйымдастырылды. Қорыта айтқанда, «Саламатты Қазақстан» бағдарламасының алғашқы нәтижелері жаман емес. Денсаулық сақтау саласының барлық саласында ілгерілеушілік басым екендігі байқалады.