Қазақстан мен АҚШ-тың қарым-қатынасы ең жақсы деңгейде — Джули Стаффт

АСТАНА. KAZINFORM — АҚШ Қазақстанға 35 жылда 100 млрд доллар инвестиция салған және қаржы құюын одан әрі жалғастырады. Бұл жөнінде АҚШ-тың Қазақстандағы елшісі Джули Стаффт Jibek Joly телеарнасына берген сұхбатында мәлімдеді.

Джули Стаффт
Фото: Silk Way

— Қазір Қазақстан мен АҚШ-тың қарым-қатынасы ортақ тарихтағы ең жақсы деңгейде. Қос елдің Президенттері осындай арақатынасқа себеп болып отырғаны қуантады, — деді ол.

Сонымен қатар, дипломат жан-жақты серіктестік дамып келе жатқанын атап өтті.

Джули Стаффт
Фото: Silk Way

— 35 жыл бұрын АҚШ Қазақстанның тәуелсіздігін алғаш болып мойындап, өзара дипломатиялық қарым-қатынас басталды. Ол кезде әуелгі ынтымақтастығымыз экономика, бизнес салаларында болды. АҚШ Қазақстанға инвестиция құйды. Ал қазіргі екіжақты әріптестігіміз одан анағұрлым терең. Қауіпсіздік, мәдениет т. б. салаларды қамтиды. Сондай-ақ, Ибраһим келісімі тәрізді әлемдік алаңдарда бірлесіп мәселелерді талқылаймыз, — деді ол.

Бұдан бөлек, инвестиция тақырыбына толығырақ тоқталды.

— Қазақстан тәуелсіздік алғалы АҚШ барлық салада жалпы 100 миллиард доллар инвестиция салды. Бұл — аса ірі қаржы. Инвестиция энергия секторынан бастап, авиация, ЖИ т. б. көптеген бағытқа құйылды. Бұдан әрі де осылай жалғаса беретініне кәміл сенемін, — деді елші.

Айта кетейік, бұған дейін АҚШ Қазақстанның Ресей мұнайын Қытайға транзиттеу мерзімін тағы бір жылға ұзартқанын жазғанбыз.