Қазақстан мен Алжир су ресурстары саласындағы екіжақты ынтымақтастықтың жол картасын әзірлемек

АСТАНА. KAZINFORM – Су ресурстары және ирригация министрі Нұржан Нұржігітов Қазақстандағы Алжир Халық Демократиялық Республикасының Төтенше және өкілетті елшісі Осман Михаджимен кездесті.

а
Фото: Су ресурстары және ирригация министрлігі

Тараптар су шаруашылығы саласындағы екіжақты ынтымақтастықтың перспективалы бағыттарын талқылады. Кездесуде екі елдің де су ресурстарын сақтау және бөлу мәселелерінде ұқсас сын-қатерлерге тап болып отырғаны айтылды.

Алжир тарапы Қазақстанның су ресурстарын басқаруды цифрландыру саласындағы тәжірибесіне қызығушылық танытты. Министрлік мәліметінше, шетелдік делегация қазақстандық және алжирлік ғылыми ұйымдардың бірлескен зерттеулер жүргізуін көздейтін пилоттық жобаларды іске асыру мүмкіндігін қарастыруды ұсынды.

Сонымен қатар өнеркәсіптік су пайдалану, суды тұщыту және жерасты су қорларын игеру бағыттарында тәжірибе алмасу мәселелері талқыланды.

Осман Михаджи ҚР Су ресурстары және ирригация министрлігіне екі жылдық мерзімге арналған екіжақты ынтымақтастықтың жол картасын әзірлеуді ұсынды.

Кездесу қорытындысы бойынша тараптар осы мәселе бойынша бірлескен жұмыс тобын құруға келісті.

– Екі елде де өнеркәсіп пен ауыл шаруашылығындағы су тұтыну үлесі бір-біріне өте ұқсас. Сондықтан Алжирдің экономиканың түрлі салалары мен тұрғын үй-коммуналдық шаруашылықта суды үнемдеу және тиімді бөлу тәжірибесі бізге қызық. Сонымен қатар су шаруашылығы саласындағы өзара тәжірибе алмасу үшін екі елдің мамандарын алмастыру мүмкіндігін де қарастыруға болады, - деді Су ресурстары және ирригация министрі Нұржан Нұржігітов.

Айта кетейік, су мәселесі бойынша Қазақстан мен Өзбекcтан арасындағы диалог нақты нәтиже беріп келеді.