Қазақстан мен Армения бір-бірінде медицина күндерін өткізуге уағдаласты

АСТАНА. KAZINFORM – Алдағы жылдары Қазақстанның Армениядағы, Арменияның Қазақстандағы медицина күндері өткізіледі. Бұл туралы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Армения Премьер-министрі Никол Пашинянмен келіссөздерден кейінгі брифингте айтты.

Қазақстан мен Армения бір-бірінде медицина күндерін өткізуге уағдаласты
Фото: Ақорда

– Біз білім және ғылым саласындағы қарым-қатынасты дамыту жолдарын талқыладық. Студент алмасу үшін үкіметаралық келісімге қол қоюдың маңыздылығын атап өттік. Екі елдің денсаулық сақтау саласындағы әлеуетін ескере отырып, алдағы жылдары Қазақстанның Армениядағы, Арменияның Қазақстандағы медицина күндерін өткізуге келістік, - деді Мемлекет басшысы.

Сондай-ақ Қасым-Жомарт Тоқаев Армения Премьер-министрімен мәдени-гуманитарлық саладағы өзара байланыстар туралы пікір алмасқанын айтты.

- Былтыр Астанада Армения мәдениетінің күндері өткенін білесіздер. Ал биыл Ереванда алғаш рет Қазақстанның мәдениет күндері ұйымдастырылды. Армения астанасында Абай Құнанбайұлы атындағы саябақ ашылды. Бүгін елорда көшелерінің біріне ұлы армян ағартушысы Месроп Маштоцтың есімі берілді. Осындай бастамалар халықтарымыздың рухани жақындығын көрсетеді. Бұл – елдеріміздің ұлт перзенттеріне деген шынайы құрметінің көрінісі, – деді Президент.

Айта кетейік, Қасым-Жомарт Тоқаев пен Никол Пашинян келіссөз қорытындысы бойынша Бірлескен мәлімдеме қабылдады. 

Соңғы жаңалықтар