Қазақстан мен ЕО арасындағы сауда көлемі 45,1 млрд долларға жетті
АСТАНА.KAZINFORM — 2025 жылы өзара сауда көлемі 45,1 млрд АҚШ долларына жетсе, ЕО-ға мүше мемлекеттерден тартылған тікелей шетелдік инвестициялардың жиынтық көлемі 200 млрд АҚШ долларынан асты. Бұл туралы СІМ баспасөз қызметі хабарлады.
Сыртқы істер министрінің орынбасары Арман Исетов «Қазақстан мен Еуропалық Одақ арасындағы байланыстылықты нығайту: Транскаспий халықаралық көлік бағытының перспективалары мен стратегиялық әлеуеті» атты бизнес-конференцияға қатысты.
Конференция жұмысына Еуропалық комиссияның, Еуропалық парламенттің, халықаралық қаржы институттарының, көлік-логистика компанияларының, сондай-ақ Қазақстан мен Еуропалық Одақтың іскер топтарының өкілдері қатысты.
Транскаспий халықаралық көлік бағытының (ТХКБ) Қазақстан мен Еуропалық Одақ арасындағы қатынастар үшін стратегиялық маңызына арналған бірінші сессиясында Арман Исетов Қазақстан мен Еуропалық Одақты ондаған жылдарға созылған сенімді диалог пен өзара тиімді ынтымақтастық байланыстыратынын атап өтті.
Қазақстандық дипломат бүгінде ТХКБ дәстүрлі транзиттік дәліз шеңберінен шығып, Орталық Азия мен Еуропаның мүдделеріне қызмет ететін ауқымды геоэкономикалық жобаға айналуда екеніне тоқталды.
Жаһандық жеткізу тізбектерінің трансформациясы және сенімді әрі әртараптандырылған бағыттарға сұраныстың артуы жағдайында Қазақстан Шығыс пен Батыс арасындағы ашық, орнықты және өзара тиімді байланыстылықты дамыту бағытын дәйекті түрде қолдап келеді.
ТХКБ-ны Еуропалық Одақтың «Global Gateway» бастамасымен ұштастыру мәселесіне ерекше назар аударылды. Көлік инфрақұрылымын жаңғырту, цифрлық шешімдерді енгізу және логистикалық үдерістерді жетілдіру екіжақты ынтымақтастықты одан әрі тереңдетуге қосымша мүмкіндіктер ашатыны аталып өтті.
Іс-шара қорытындысы бойынша көлік-логистика инфрақұрылымын дамытуға және аталған бағыттағы Еуропалық Одақпен ынтымақтастықты кеңейтуге бағытталған бірқатар келісімдерге қол қою рәсімі өтті.
Еуропалық Одақ Қазақстанның ең ірі сауда және инвестициялық серіктесі. Кеңейтілген әріптестік пен ынтымақтастық туралы келісімнің 10 жылдығы қарсаңында екіжақты қатынастар тұрақты оң серпін көрсетуде. 2025 жылы өзара сауда көлемі 45,1 млрд АҚШ долларына жетсе, ЕО-ға мүше мемлекеттерден тартылған тікелей шетелдік инвестициялардың жиынтық көлемі 200 млрд АҚШ долларынан асты.
Айта кетелік Қазақстан Брюссельде Транскаспий бағытының стратегиялық әлеуетін таныстырған еді.