Қазақстан мен ЕО виза мен реадмиссия бойынша келіссөздердің жаңа кезеңіне өтті
АСТАНА. KAZINFORM — Қазақстан мен Еуропалық одақ делегациялары визалық талаптарды жеңілдету және реадмиссия туралы келісім жобалары бойынша келіссөздердің кезекті кезеңін табысты өткізді, деп хабарлайды ҚР СІМ баспасөз қызметі.
Келіссөздер барысында тараптар болашақ келісімдердің негізгі ережелері бойынша ұстанымдарды одан әрі жақындату мәселелерін мазмұнды түрде талқылауды жалғастырды.
— Қазақстан Республикасы азаматтары үшін визалық рәсімдерді жетілдіру мәселелеріне ерекше назар аударылды. Атап айтқанда, өтініштерді қарау мерзімдері, көп мәртелік визаларды беру тәртібі, растайтын құжаттар тізбесін оңтайландыру және адамдар арасындағы байланыстарды дамытуға бағытталған өзге де практикалық аспектілер қарастырылды. Келіссөздер қорытындысы бойынша тараптар екі келісімнің де көптеген ережесі бойынша елеулі ілгерілеуге қол жеткізілгенін атап өтіп, жұмысты жалғастыруға дайын екендіктерін растады, — делінген ведомство хабарламасында.
Министрлік мәлім еткендей, қол жеткізілген нәтижелер өзара түсіністіктің жоғары деңгейін көрсетеді және азаматтардың ұтқырлығын одан әрі дамытуға, сондай-ақ Қазақстан мен Еуропалық одақ арасындағы іскерлік, білім беру, ғылыми және гуманитарлық байланыстарды кеңейтуге берік негіз қалайды.
Осыған дейін Еуропарламентте Қазақстанның реформалары мен ЕО-мен серіктестігі талқыланғанын жазғанбыз.