Қазақстан мен Еуропалық одақ өңірлік диалогты нығайтудың негізгі рөлін растады
АСТАНА. KAZINFORM — Қазақстан Республикасының Сыртқы істер министрі Ермек Көшербаев Еуропалық одақтың Орталық Азия жөніндегі Арнаулы өкілі Эдуардс Стипрайсты қабылдады. Бұл туралы Сыртқы істер министрлігінің баспасөз қызметі хабарлады.
Кездесу барысында Министр Қазақстан мен Еуроодақ арасындағы Кеңейтілген серіктестік пен ынтымақтастық туралы келісімнің он жыл бұрын қабылданып, ұзақ мерзімді өзара іс-қимылдың берік негізіне айналғанын және екіжақты саяси диалогтың қомақты түрде нығайып келе жатқанын атап өтті.
Тараптар ынтымақтастықтың негізгі бағыттары жөнінде пікір алмасып, «жасыл» трансформация мен көлік байланыстығын ілгерілету жобаларының маңыздылығына назар аударды. Бұл тұрғыда Транскаспий халықаралық көлік бағытын дамытудың маңыздылығы расталды.
Сыртқы саяси ведомство басшысы Қазақстанның Еуропалық одақ үшін сенімді әрі жауапты серіктес екенін және екіжақты экономикалық пен саяси өзара іс-қимылды кеңейтуге ашықтығын атап өтті.
«Е.Көшербаев өңірлік диалогты ілгерілету және практикалық бастамаларды іске асыру үшін тиімді платформа ретінде танытқан «Орталық Азия — Еуропалық одақ» форматы шеңберінде кооперацияны одан әрі дамытудың маңыздылығын айтты. Бірлескен жобаларға одан әрі белсенді қатысуға және ЕО-мен өзара іс-қимылдың негізгі бағыттары бойынша қатынастарды нығайтуға дайындық білдірілді», делінген министрлік хабарламасында.
Өз кезегінде Э.Стипрайс Қазақстан мен Еуроодақ арасындағы өзара іс-қимыл деңгейін жоғары бағалап, өңіраралық ынтымақтастықты нығайтуға және маңызды экономикалық әрі инфрақұрылымдық бастамаларды дамытуға қосқан Қазақстанның үлесін атап өтті.
Кездесу қорытындысы бойынша сұхбаттастар өзара тиімді серіктестікті одан әрі тереңдетуге бейілділігін растап, екіжақты және өңірлік күн тәртібіндегі негізгі мәселелер бойынша сындарлы диалогты жалғастыруға дайын екенін білдірді.
Еске сала кетсек, 2 желтоқсанда Швейцария тарапының шақыруымен Сыртқы істер министрі Ермек Көшербаев Швейцария Конфедерациясына ресми сапармен барады.
Сондай-ақ министрліктің ресми өкілі Айбек Смадияров Еуропаға виза талабын жеңілдету жұмысы күн сайын жүріп жатқанын жеткізді.