Қазақстан мен Франция атом энергетикасы саласындағы ынтымақтастықты кеңейтпек

АСТАНА. KAZINFORM — Қазақстан Республикасы Атом энергиясы жөніндегі агенттігінің төрағасы Францияның Қазақстандағы Төтенше және Өкілетті Елшісі Сильван Гиогемен кездесіп, атом энергетикасы саласындағы ынтымақтастықтың жаңа бағыттарын талқылады.

ыв
Фото: Атом энергиясы жөніндегі агенттігі

Кездесу барысында тараптар атом энергиясын бейбіт мақсатта пайдалану саласындағы Қазақстан–Франция ынтымақтастығының қазіргі жағдайы мен даму перспективаларын, сондай-ақ ұлттық атом саласына кадр даярлау мәселелерін қарастырды.

Тараптар 2026 жылғы 23 сәуірде Қазақстан Президентінің EDF компаниясының басқарма төрағасы әрі бас атқарушы директоры Бернар Фонтанамен өткізген кездесуінің маңызын атап өтті.

«Қазақстан атом электр станциясын салу жобасын іске асыру барысында EDF және басқа да француз компанияларын маңызды әлеуетті серіктестер ретінде қарастырады. Бұл Қазақстан мен Францияның атом энергетикасы саласындағы ынтымақтастықты одан әрі дамытуға өзара мүдделі екенін көрсетеді», — деп атап өтілді кездесу барысында.

Кездесуде атом саласы үшін білікті кадрлар даярлау мәселесіне ерекше назар аударылды.

Осы орайда 25–29 мамыр аралығында Ядролық физика институтының базасында Францияның Лауэ–Ланжевен институтымен бірлесіп өткізілген воркшоптың нәтижелері жоғары бағаланды. Іс-шара зерттеу реакторлары мен заманауи нейтрондық технологияларға арналды.

Воркшоп қорытындысында Қазақстан Республикасының Атом энергиясы жөніндегі агенттігі мен International Institute of Nuclear Energy арасында өзара түсіністік туралы меморандумға қол қойылды.

Құжат мамандар даярлау, білім беру бағдарламаларын дамыту, тәжірибе алмасу және Қазақстанның атом саласын тұрақты кадрлық қамтамасыз ету жүйесін қалыптастыру бағыттарындағы ынтымақтастықты көздейді.

Тараптардың пікірінше, қол жеткізілген келісімдерді іске асыру Қазақстан мен Франция арасындағы серіктестікті одан әрі нығайтып, ғылыми-техникалық ынтымақтастықты дамытуға және атом энергетикасы үшін жаңа буын мамандарын даярлауға мүмкіндік береді.

Айта кетейік, бүгін атом саласының мамандары жоғары мемлекеттік наградалармен марапатталды.