Қазақстан мен Франция бірлесіп, білім беру, жастардың өзара тәжірибе алмасуына мүмкіндік жасамақ
АСТАНА. KAZINFORM - ҚР Премьер-министрінің орынбасары – Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева Креативті индустрияларды дамыту қорының кеңсесінде «La France s’engage» қорының президенті Одри Азулемен кездесуі өтті.
ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігі баспасөз қызметінің хабралауынша, кездесу барысында тараптар «La France s’engage» қорымен бірлескен бастамаларды дамыту мәселелерін талқылады. Қордың негізгі миссиясы – Франциядағы әлеуметтік және экологиялық инновацияларды қолдау әрі ілгерілету. Атап айтқанда, қор білім беру, жұмыспен қамту, денсаулық сақтау, экология, әлеуметтік бейімдеу және цифрлық мүмкіндіктердің тең қолжетімділігі салаларындағы қоғамдық маңызы бар мәселелерге тың шешім ұсынатын жобаларға қолдау көрсетеді.
Әңгіме барысында білім беру, экология және цифрлық тең қолжетімділік бағыттарында ынтымақтастық орнату жөніндегі бастамалар қаралды. Сонымен қатар бірлескен білім беру бағдарламаларын іске асыру және жастардың өзара тәжірибе алмасуына мүмкіндік жасау серіктестіктің перспективалы бағыттарының бірі ретінде аталды.
Кездесу қорытындысы бойынша тараптар өзара әріптестікті одан әрі нығайтуға және бірлескен жобаларды жүзеге асыруға мүдделі екенін растады.
Осыған дейін Аида Балаева креативті индустрия Қазақстанның жаңа экономикалық саясатының маңызды бағытына айналып келе жатқаны туралы айтқан болатын.