Қазақстан мен Германия Президенттері көпжақты ынтымақтастықты нығайта түсуге уағдаласты
Мемлекет басшысы ГФР Федералдық Президенті Франк-Вальтер Штайнмайермен кездесті, деп хабарлайды ҚазАқпарат Ақорданың ресми сайтына сілтеме жасап.

Тараптар Германия Президентінің таяуда Қазақстанға жасаған сапары аясында қол жеткізілген уағдаластықтардың жүзеге асырылу барысын қарастырды.
Атап айтқанда, энергетика, транзит, логистика, пайдалы қазбаларды игеру, жаңартылатын энергия көздері, ауыл шаруашылығы және цифрландыру секілді ынтымақтастықтың басым бағыттарына қатысты бірлескен жұмыстарды талқылады.
Келіссөз барысында мәдени-гуманитарлық байланыстарды, сондай-ақ екі елдің ғылыми және білім беру ұйымдары арасындағы қатынастарды нығайту мәселесіне баса мән берілді.
Қасым-Жомарт Тоқаев пен Франк-Вальтер Штайнмайер Қазақстан мен Германияның көпжақты ынтымақтастығын одан әрі нығайту үшін бірлескен іс-қимылдарды арттыра түсуге уағдаласты.
Осыған дейін Франк-Вальтер Штайнмайердің Қасым-Жомарт Тоқаевты резиденциясында қарсы алғанын жаздық.
Еске салсақ, кеше ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Германия Федеративтік Республикасына ресми сапары басталды.
Президент Германия Канцлері Олаф Шольцтің ведомствосына барып, бетпе-бет форматында келіссөз жүргізді.
Келіссөздерден кейін тілшілерге берген баспасөз мәслихатында Президент Қазақстанның Ресеймен екіжақты тарапта және тиісті интеграциялық бірлестіктер шеңберінде тұрақты достық қарым-қатынаста екенін айтты. Украинадағы жағдайға қатысты Қазақстанның ұстанымы жөнінде пікір білдірді. Өзара айыптауларды тоқтатып, іскерлік келіссөздер жүргізуге шақырды.
Қазақстан мен Германияның ірі және орта бизнестері арасында маңызды коммерциялық келісімдер бекітілді.
Мемлекет басшысы Германияның Федералдық канцлерімен кеңейтілген құрамда келіссөз жүргізді. Президент жүргізілген келіссөздер қазақ-герман қатынастарын одан әрі нығайтуға екі тараптың ниетті екенін тағы да растағанын атап өтті.