Қазақстан мен Иран халықаралық көлік дәліздерін дамытуға келісті

АСТАНА. KAZINFORM — Қазақстанның Ирандағы елшісі Оңталап Оңалбаев Иран Ислам Республикасының Жол және қала құрылысы министрі Фарзане Садегпен кездесті, деп хабарлайды ҚР СІМ баспасөз қызметі.

Иран Қазақстанмен көлік байланыстарын дамытуға ниетті
Фото: ҚР СІМ

Кездесу барысында әңгіме екі елді жалғайтын көлік «артерияларын» дамыту мен ортақ мүдделікті құрайтын өзге тақырыптар төңірегінде өрбіді. Бұл ретте тараптар Иран Президенті Масуд Пезешкианның Қазақстанға ресми сапары барысында қол жеткізілген уағдаластықтарды және сапар қорытындысы бойынша екі ел басшылары берген тапсырмаларды іске асыру жолдарын талқылауға ерекше көңіл бөлді.

— Қазақстан мен Иран қарым-қатынасында сауда-экономикалық және көлік-логистикалық байланыстылық маңызды рөл атқарады. Осыған байланысты, тараптар «Солтүстік-Оңтүстік» халықаралық көлік дәлізі мен «Қазақстан-Түрікменстан-Иран» темір жолы арқылы жүк және транзиттік тасымалды ұлғайту, «Қазақстан-Иран-Ирак» және «Қазақстан-Түрікменстан-Иран-Армения» жаңа көлік дәліздерін ашу, екі ел порттары арасында кеме қатынасын дамыту және Шахид Раджаи мен Чабахар порттарында көлік-логистика бойынша бірлескен инвестициялық жобаларды іске асыру мәселелерін зерделеуге әзірлігін білдіріп, екіжақты байланысты жаңа деңгейге көтеруге бейілділігін растады, — делінген министрлік хабарламасында.

Сонымен қатар, тараптар бірлескен жобаларды іске асыруды ілгерілету үшін екі елдің көлік-логистика саласына жауапты тұлғалары арасында тұрақты кездесулер өткізудің маңыздығын атап өтті.

Қазақ даласын Иранмен сабақтастыру мәселелері бірлескен үкіметаралық комиссияның Иранда өтетін кезекті отырысында қарастырылатын болады.

Бұда бұрын Иран президенті Масуд Пезешкиан Қазақстан Еуразияның маңызды торабына айналғанын айтты.

Соңғы жаңалықтар