Қазақстан мен Италия арасында 180 миллион еуроға меморандумдар бекітілді
АСТАНА. KAZINFORM — Елордада өткен «Италия — Қазақстан» іскерлік форумында екі елдің ұйымдары жалпы сомасы 180 миллион еуро болатын 10 меморандумға қол қойды.

Жобалар машина жасау, мұнай химиясы, ауыл шаруашылығын қайта өңдеу, металлургия, логистикалық процестерді цифрландыру тәрізді стратегиялық салаларды қамтиды. Сондай-ақ Қазақстан аумағында бірлескен өндірістер құру арқылы Еуропа, Орталық Азия және Қытай нарығына шығу көзделген. Кездесуге «Самұрық-Қазына», «ҚазМұнайГаз», Eni, Maire Tecnimont, AnsaldoEnergia секілді ірі ұйымдардың өкілдері қатысып жатыр.
Сауда және интеграция министрі Арман Шаққалиев форум Қазақстан мен Италия арасындағы экономикалық қатынастардың жаңа кезеңінің басталуын білдіретінін атап өтті.
− Бүгінгі форум сауда-экономикалық әріптестікті нығайтудың негізгі алаңына және жаһандық өзгерістер жағдайындағы стратегиялық диалогқа ұмтылу символына айналды. Қазақстан Италия Республикасымен жан-жақты, прагматикалық және ұзақ мерзімді ынтымақтастықты дамытуға ерекше мән береді. Біз тек сауданы кеңейтіп қана қоймай, жаһандық логистика қайта құрылып, протекционизм мен әлемдік экономиканың цифрлануы күшейіп жатқан кезде халықаралық жеткізу тізбектерінің тұрақтылығын қамтамасыз етуге қабілетті инновациялық экожүйе қалыптастырып жатырмыз, — деді министр форумның панельді сессиясында.
Форумды Сауда және интеграция министрлігі, Қазақстан-Италия сауда қауымдастығы (ACIK) және екі ел елшіліктері Astana International Forum аясында бірлесіп ұйымдастырған. Бұл кездесу екіжақты ынтымақтастықтың перспективаларын талқылау, іскерлік байланыстарды нығайту және қосылған құн тізбегі бойынша — логистика мен өнеркәсіптік кооперациядан бастап жоғары технологиялар мен «жасыл» энергетикаға дейін бірлескен жобаларды іске қосу алаңына айналды.
Бұған дейін Премьер-министр Олжас Бектенов Қазақстан мен Италия арасындағы екіжақты тауар айналымы 20 млрд долларға жуықтағанын айтқан еді.