Қазақстан мен Италия арасындағы сауда көлемі 16,9 млрд долларға жетті

АСТАНА.KAZINFORM – Сауда және интеграция министрі Арман Шаққалиев Қазақстанға жұмыс сапарымен келген Италия Республикасының Сыртқы істер және халықаралық ынтымақтастық жөніндегі Мемлекеттік хатшысының орынбасарымен кездесті. 

Қазақстан мен Италия арасындағы сауда көлемі 16,9 млрд долларға жетті
Фото: Сауда және интеграция министрлігі

Кездесуде тараптар екіжақты сауда айналымын жақсартуды, шикізаттық емес экспортты ұлғайту мүмкіндіктерін және өнеркәсіптік-технологиялық ынтымақтастықтың перспективаларын талқылады.

— Италия — Қазақстанның Еуропадағы негізгі сауда-экономикалық серіктестерінің бірі. Сонымен қатар өзара сауда құрылымын кеңейтуге айтарлықтай мүмкіндік бар. Біздің бағалауымыз бойынша, қазақстандық өнімдерді Италия нарығына қосымша жеткізу қарқыны шамамен 307,5 млн АҚШ доллар. Бұл ретте металлургия, мұнай-химия, тамақ және химия өнеркәсібі, сондай-ақ машина жасау өнімдеріне басымдық беріледі, — деді Арман Шаққалиев.

2025 жылдың қорытындысы бойынша Қазақстан мен Италия арасындағы өзара сауда көлемі 16,9 млрд АҚШ доллары. 2026 жылдың қаңтар–шілде айларында тауар айналымы 9,79 млрд долларға жетті. Оның ішінде Қазақстанның экспорты 9 млрд долларды, Италиядан импорт 789,6 млн доллар болды.

Италия тарапы сауда-экономикалық байланыстардың тұрақты өскенін атап өтіп, Қазақстанмен ынтымақтастықты одан әрі дамытуға мүдделі екенін айтты.

— Италия мен Қазақстан арасындағы қарым-қатынастардың деңгейін және екіжақты саудадағы оң динамиканы жоғары бағалаймыз. Италия Қазақстан экономикасын әртараптандыруға қолдау көрсету үшін өз технологиялары мен тәжірибесімен бөлісуге дайын. Ынтымақтастықтың тағы бір маңызды бағыты — логистика. Бұл саланы одан әрі жаңғырту үшін тәжірибе және технология алмасуға дайынбыз, — деді Мария Триподи.

Ертең Астанада «Орталық Азия + Италия» бизнес-платформасының форумы өтеді. Іс-шара барысында сауда-экономикалық және инвестициялық ынтымақтастықтың жаңа бағыттары, сондай-ақ Қазақстан мен Италия компаниялары арасындағы іскерлік байланыстарды дамыту талқыланады. 

Айта кетелік Қазақстан Италияға металл бұйымдары экспортын 6 есе арттырған еді