Қазақстан мен Қатар арасында саяси консультациялар өтті
Бұл туралы сыртқы саяси ведомоствоның баспасөз қызметі хабарлады.
Қазақстан делегациясына сыртқы істер министрінің орынбасары Ақылбек Камалдинов, ал Қатар делегациясына Қатар Мемлекеті Сыртқы істер министрлігінің бас хатшысы Ахмад бен Хасан әл-Хамади басшылық етті.
Тараптар екіжақты және көпжақты форматтағы ынтымақтастықты дамыту және кеңейту, қазіргі заманның өзекті мәселелерін шешу мен ұстанымдарын үйлестіруде халықаралық және өңірлік ұйымдар шеңбрінде өзара әрекеттесу, сондай-ақ сыртқы саяси бастамаларын өзара қолдау мүмкіндіктері жолдарын айқындады. Осы тұрғыда Қазақстанның БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесіндегі тұрақты емес мүшелігін назарға ала отырып, БҰҰ шеңберінде екі елдің бірлескен іс-қимылының маңыздылығы айрықша атап өтілді.
Қазақстан экономикасына инвестициялар тарту мақсатында бірлескен жобаларды жүзеге асырудың және Жоғары деңгейдегі бірлескен комиссия қызметін жандандыру арқылы сауда-экономикалық және инвестициялық бағыттардағы ынтымақтастықты нығайтудың маңыздылығы айтылды.
Тараптар екіжақты байланыстарды одан әрі кеңейтумен қатар, мәдениет, білім және ғылым салаларындағы бірлескен жобаларды жүзеге асыруға уағдаласты.