Қазақстан мен Қырғызстан халықаралық автобус бағытын қалпына келтірді

БІШКЕК. KAZINFORM – 2025 жылдың қыркүйегінен бастап Қазақстан мен Қырғызстан «Кеген» бақылау-өткізу бекеті арқылы Қаракөл-Алматы-Қаракөл бағыты бойынша халықаралық автобус бағытын қалпына келтіреді. Бұл туралы Қырғыз Республикасы Президентінің баспасөз хатшысы Асқат Алагөзов мәлім етті, деп хабарлайды Kazinform меншікті тілшісі. 

Қазақстан мен Қырғызстан халықаралық автобус бағытын қалпына келтірді
Фото: mvd.gov.kg

Оның ақпаратынша, Кеңес Одағы кезінде жұмыс істеп, бірақ тәуелсіздік жылдарында түрлі себептермен тоқтап қалған Қаракөл-Алматы-Қаракөл халықаралық автобустары биылғы жылдың қыркүйек айынан бастап елдер арасында жыл бойына қатынай бастайды. 

— Қазіргі уақытта Қырғызстанның Көлік министрлігі қазақстандық әріптестерімен келісілген автобус бағыттарын қалпына келтіру жұмыстарын жүргізіп жатыр, — деп атап өтті Асқат Алагөзов.

Бұған дейін 25 тамыздан бастап Қазақстан мен Қырғызстан шекарасындағы «Қарқара-автомобиль» өткізу пункті тәулік бойы жұмыс режиміне көшкенін жазған болатынбыз.

Соңғы жаңалықтар