Ұлттық құрылтай Ұлттық құрылтай

Қазақстан мен Қытай арасындағы әуе рейстері аптасына 152-ге дейін көбейеді

АСТАНА. KAZINFORM – Қазақстан мен Қытай арасындағы тұрақты жолаушылар рейстерінің саны аптасына 124-тен 152-ге дейін ұлғаяды. ҚР Көлік министрлігі Азаматтық авиация комитетінің төрағасы Салтанат Томпиева мен Қытайдың Азаматтық авиация басқармасы (CAAC) бас директорының орынбасары Бай Вэньли осындай келісімге қол қойды.

в
Фото: Көлік министрлігі

Кездесу барысында тараптар екі ел арасындағы азаматтық авиация саласындағы ынтымақтастықты кеңейту мәселелерін талқылады. Нәтижесінде тұрақты жолаушылар рейстерінің санын көбейту жөнінде келісімге қол жеткізілді.

– Тараптар екі елдің әуе тасымалдаушылары үшін тұрақты жолаушылар рейстерінің санын аптасына 124-тен 152-ге дейін арттыруға келісті. Сонымен қатар Қазақстанмен әуе қатынасын жүзеге асыратын Қытай қалаларының тізімі 11-ге дейін кеңейтіліп, оған елдің ірі көлік-логистикалық және өнеркәсіптік орталықтарының бірі – Чунцин қаласы енгізілді, – делінген министрлік хабарламасында.

Келіссөздер барысында Астана мен Шанхай арасында, оның ішінде қытайлық әуе компаниялары орындайтын тікелей рейстерді ашу мәселесі де қаралды. Сондай-ақ Қазақстан мен Қытай арасында үшінші халықаралық әуе дәлізін құру бастамасы талқыланды.

Министрліктің мәліметінше, бұл шешімдер әуе кеңістігінің өткізу қабілетін арттырып, ұшу бағыттарын оңтайландыруға, қолданыстағы әуе дәліздеріне түсетін жүктемені азайтуға және екі ел арасындағы әуе қатынасын одан әрі дамытуға мүмкіндік береді.

– Кездесу барысында қазақстандық әуе компанияларына Қытай әуежайларынан слоттар бөлу, Қытайдың әуе кеңістігін пайдалану, сондай-ақ азаматтық әуе кемелерін авиациялық іздестіру және құтқару саласындағы ведомствоаралық ынтымақтастық туралы келісім жасасу мәселелері де қаралды, – деп атап өтті ведомство.

Тараптар азаматтық авиация саласындағы ынтымақтастықты одан әрі дамытуға өзара мүдделілігін растап, әуе қатынасын кеңейту және көлік байланысын нығайту бағытындағы бірлескен жұмысты жалғастыруға уағдаласты.

Айта кетейік, Қазақстаннан Грузияға жаңа әуе рейсі іске қосылады.