Қазақстан мен Қытай арасындағы визасыз режим: құжаттар жыл соңына дейін күшіне енуі мүмкін

Сыртқы істер министрінің орынбасары Әлібек Бақаев Қазақстан мен Қытай арасындағы визасыз режимнің күшіне енуі талаптарына қатысты түсінік берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

виза
Фото: ҚазАқпарат/ Мұхтар Холдорбеков

Атап айтқанда, бүгін Сенаттың жалпы отырысында «Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Қытай Халық Республикасының Үкіметі арасындағы Тараптар мемлекеттерінің азаматтарына қатысты ақпарат алмасу туралы келісімді ратификациялау туралы» Заңы мақұлданды.

Сенатта тілшілер Ішкі істер министрінің орынбасары Игорь Лепехадан Қазақстан мен Қытай арасындағы визасыз режим қашан күшіне енетінін сұрады.

«Қытай жағы визасыз режим күшіне енген жағдайда, азаматтардың сапарлары күрт артатынын біліп отыр. Сондықтан заңсыз көші-қонға тосқауыл қою мақсатында ақпарат алмасу туралы келісімді ратификациялау туралы уағдаластық жасалды. Осы құжат қабылданғаннан кейін, осыған дейін бекітілген келісімнің күшіне енуі үшін тиісті қадамдар басталады», - деді И. Лепаха.

Сонымен қатар, Сыртқы істер министрінің орынбасары Әлібек Бақаев «ҚазАқпарат» агенттігі тілшісіне Қазақстан мен Қытай арасындағы визасыз режим биылдың аяғына дейін күшіне енуі мүмкін екенін айтты.

«Екіжақты шарттар жасалған еді. Қазақстандағы ратификация жасалғаны туралы ақпарат береміз, ал Қытай жағы ішкі рәсімдерін іске асырып жатыр. Қазақстанға қатысты визасыз режимді Қытай жағы биылдың соңына дейін бекітеді деген жоспарымыз бар. Жалпы, осы бағытта екі құжатқа қол қойылған жене олар өзара байланысты. Сондықтан бүгін мақұлданған ақпарат алмасуға қатысты заң күшіне енгеннен кейін, визасыз режим туралы құжаттың да күшіне енуіне жағдай жасалады. Сондықтан жылдың аяғына дейін Қытай жағы да өзіндегі құжаттарды қарастырып үлгеруі ықтимал», - деді Ә. Бақаев.

Естеріңізге сала кетейік, Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың биыл Қытай Халық Республикасына мемлекеттік сапары аясында бірқатар құжатқа қол қойылды. Олардың арасында «Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Қытай Халық Республикасының Үкіметі арасындағы визалық талаптардан өзара босату туралы келісім» бар.

Осыған дейін Қазақстанмен арада визасыз режим жөнінде Қытай жағынан мемлекетішілік рәсімдер әлі аяқталмағаны хабарланған еді.

«Қазақстан мен Қытай өзара визасыз режим туралы келісімнің 11-ші бабына сәйкес, осы Келісім белгіленбеген мерзімге жасалады. Уағдаласушы тараптардың оның күшіне енуі үшін қажет мемлекетшілік рәсімдерді орындағаны туралы соңғы хабарламаны дипломатиялық арналар арқылы алған күннен бастап күнтізбелік 30 күн өткен соң күшіне енеді. Өз кезегінде, Қазақстан жағы мемлекетішілік рәсімдердің аяқталғаны туралы Қытайға хабарлама жолдады. Қытай тарапынан тиісті хабарлама әзірге келіп түскен жоқ», - делінген Қазақстан Сыртқы істер министрлігінің «ҚазАқпарат» агенттігіне берген жауабында.

Соңғы жаңалықтар