Қазақстан мен Қытай арасындағы жүк тасымалының көлемі 9%-ға артты
АСТАНА.KAZINFORM - 2026 жылдың бірінші жартыжылдығының қорытындысы бойынша Қазақстан мен Қытай арасындағы жүк тасымалының көлемі 18,7 млн тоннаға жетіп, өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 9%-ға артты. Бұл туралы Көлік министрлігі хабарлады.
Жүк тасымалының екі бағытында да оң динамика байқалады. Алты айдың қорытындысы бойынша Қытайдан Қазақстанға 7,0 млн тонна жүк тасымалданып, өткен жылдың бірінші жартыжылдығымен салыстырғанда 9%-ға артты. Ал Қазақстаннан Қытай бағытына 11,7 млн тонна жүк жөнелтіліп, бұл да өткен жылдың сәйкес кезеңіндегі көрсеткіштен 10%-ға жоғары болды. Оның ішінде Қытайға экспорттық тасымалдар (кен, құрама жем, қара және түсті металдар, астық, мұнай және мұнай өнімдері, сондай-ақ басқа да жүктер) 8,5 млн тоннаға жетті. Осылайша 2025 жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 20%-ға өсті.
Жүк тасымалы көлемінің артуына екі елдің теміржол әкімшіліктері арасындағы жүйелі өзара ынтымақтастық ықпал етіп отыр. Шекара маңындағы инфрақұрылымды дамытуға, шекаралық өткелдердің өткізу қабілетін арттыруға және жүк тасымалы көлемін одан әрі ұлғайтуға қолайлы жағдай жасауға ерекше назар аударылған.
Жүк тасымалы көлемінің өсуіне Достық шекаралық өткелі елеулі үлес қосты. Биылғы алты айда аталған өткел арқылы 10,6 млн тонна жүк тасымалданып, бұл 2025 жылдың бірінші жартыжылдығымен салыстырғанда 15%-ға артық болды. Сонымен қатар Достық станциясы арқылы жүзеге асырылған экспорттық тасымал көлемі 5,4 млн тоннаға жетіп, өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 15%-ға өсті.
1990 жылы ашылған Достық станциясы Қазақстан мен Қытай арасындағы жүк тасымалын ұйымдастырудағы негізгі буындардың біріне айналды. Өткен жылдар ішінде мемлекеттік шекараның екі жағында да заманауи инфрақұрылым мен терминалдар қалыптасты. Бүгінде бұл – мол тәжірибені, қалыптасқан дәстүрлерді және заманауи технологияларды ұштастырған ірі көлік-логистикалық торапқа айналды.
Алтынкөл шекаралық өткелінде де оң динамика сақталып отыр. Бірінші жартыжылдықтың қорытындысы бойынша аталған өткел арқылы 8,1 млн тонна жүк тасымалданып, бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 2%-ға артық болды. Станция арқылы өткен экспорттық тасымал көлемі 3,1 млн тоннаға жетіп, 2025 жылдың бірінші жартыжылдығымен салыстырғанда 29%-ға өсті.
Өзінің стратегиялық орналасуының арқасында Алтынкөл Азия мен Еуропа елдерін байланыстыратын халықаралық көлік дәліздерінің негізгі буындарының бірі болып саналады. Заманауи қайта тиеу қуаттары, жоғары өткізу қабілеті және өндірістік үдерістің тәулік бойы ұйымдастырылуы мемлекеттік шекара арқылы жүк ағындарының тұрақты қозғалысын қамтамасыз етіп, халықаралық жүк тасымалы көлемін одан әрі ұлғайтуға қолайлы жағдай жасап отыр.
Айта кетейік, Гонконгтың ұлттық әуе компаниясы Қазақстанға жүк және жолаушылар рейстерін ашады.