Қазақстан мен Қытай автотасымалға арналған рұқсат бланкілерін шектеусіз алмасуға келісті

АСТАНА. KAZINFORM - Бейжің қаласында Халықаралық автомобиль тасымалдары жөніндегі Қазақстан-Қытай бірлескен комитетінің отырысы өтті, деп хабарлайды ҚР Көлік министрлігінің баспасөз қызметі.

Қазақстан мен Қытай автотасымалға арналған рұқсат бланкілерін шектеусіз алмасуға келісті
Фото: ҚР Көлік министрлігі

Қазақстандық делегацияны Қазақстан Республикасы Көлік министрлігінің Автомобиль көлігі және көліктік бақылау комитетінің төрағасы бастап барды.

Делегация құрамына ҚР ҚМ Мемлекеттік кірістер комитеті мен «ҚазАвтоЖол» ҰК» АҚ өкілдері де кірді. Отырыс барысында тараптар халықаралық автомобиль тасымалдарын дамытуға қатысты өзекті мәселелерді талқылады. Атап айтқанда, рұқсат беру жүйесін жетілдіру, шекара маңы инфрақұрылымын дамыту және жолаушылар тасымалы бағыттарының желісін кеңейту мәселелері қаралды.

Қазақстан мен Қытай автотасымалға арналған рұқсат бланкілерін шектеусіз алмасуға келісті
Фото: ҚР Көлік министрлігі

Кездесу қорытындысы бойынша тараптар жыл соңына дейін шетелдік рұқсат бланкілерін сандық шектеусіз беру форматына көшуге келісті.

Сонымен қатар, қазақстандық және қытайлық тараптардан «Нұр Жолы» өткізу пунктінің өткізу қабілетін арттыру мәселелері талқыланды. Бұдан бөлек, биылғы бірінші жартыжылдықтың соңына дейін WeChat Pay төлем сервисі арқылы ақылы автомобиль жолдарында жол жүру ақысын төлеу функционалын енгізу жоспарланып отыр. Тараптар екіжақты ынтымақтастықты одан әрі нығайтудың маңыздылығын атап өтіп, халықаралық автомобиль тасымалдары саласындағы өзара іс-қимылды жалғастыруға дайын екендерін білдірді.

Қазақстан мен Қытай автотасымалға арналған рұқсат бланкілерін шектеусіз алмасуға келісті
Фото: ҚР Көлік министрлігі

Осыған дейін мАстана мен Мәскеу арасында жүргізушісіз жүк көліктері қатынайтыны туралы жаздық.