Қазақстан мен Қытай ғарыш саласындағы бірлескен ұшуларды талқылауы мүмкін

АСТАНА. KAZINFORM — Бүгін Қытай «Шэньчжоу-23» басқарылатын ғарыш миссиясының ұшырылу күні мен экипаж құрамын жариялады. Қытайдың басқарылатын ғарыш бағдарламасы басқармасының (CMSA) бас инженері Чжоу Яцян Kazinform агенттігінің Бейжіңдегі меншікті тілшісіне Қазақстан мен Қытай арасындағы ғарыш саласындағы ынтымақтастық перспективалары туралы пікір білдірді.

Қазақстан мен Қытай ғарыш саласындағы бірлескен ұшуларды талқылауы мүмкін
Фото: Берік Табынбаев\Kazinform

CMSA өкілінің айтуынша, екіжақты әріптестік күн тәртібіне бірлескен басқарылатын ғарыш миссияларын жүзеге асыру және орбитада кешенді ғылыми зерттеулер жүргізу мәселелері енгізілуі мүмкін.

— Менің ойымша, біз ғарышкерлердің бірлескен ұшулары және кейінгі ғылыми эксперименттер бойынша ынтымақтастықты талқылай аламыз. Сондай-ақ Айды одан әрі зерттеу саласындағы өзара әрекеттесуді қарастыруға болады. Бұл бағыттар бірлесіп талқылауға және зерделеуге тұрарлық деп санаймын, — деді Чжоу Яцян.

CMSA мәліметінше, Қытайдың Ғарышкерлерді даярлау және ғылыми зерттеу орталығында Пәкістаннан келген екі маман білім алуда. Бекітілген жоспарға сәйкес, олардың бірі болашақта пайдалы жүктеме жөніндегі маман ретінде миссияға қатысады.

Еске сала кетейік, «Шэньчжоу-23» ғарыш кемесін ұшыру 24 мамыр күні Бейжің уақытымен 23:08–де (Астана уақытымен 20:08–де) Цзюцюань ғарыш айлағынан жоспарланған. Экипаж құрамына үш ғарышкер енген, олардың арасында алғаш рет Қытайдың Сянган арнайы әкімшілік ауданынан келген маман бар.

Алдағы миссия барысында экипаж 100-ден астам ғылыми және қолданбалы жобаны жүзеге асырады. Зерттеу бағдарламасына жасанды эмбриондармен, сирек жер металдарының қорытпаларымен және жаңа буын аккумуляторларымен жүргізілетін эксперименттер кіреді.

Миссия сондай-ақ ғарышкерлердің біреуінің орбитада бір жыл болуын көздейтін бірегей экспериментті қамтиды. Бұл маманның кандидатурасы ұшу барысында бекітіледі.

Бұған дейін Қытай «Шэньчжоу-23» ғарыш кемесінің ұшырылу күнін жариялағаны хабарланған еді.