Қазақстан мен Қытай металлургиядағы өзара іс-қимылды үш бағыт бойынша дамытады
АСТАНА. KAZINFORM – Қазақстан мен Қытай түсті металлургия саласындағы өндірістік ынтымақтастықты кеңейтіп, толық өнеркәсіптік тізбек бойынша бірлескен жобаларды дамытуды көздеп отыр. Бұл туралы Қазақстан-Қытай түсті металлургияны орнықты дамыту форумында Қытай түсті металлургия өнеркәсібі қауымдастығы төрағасының орынбасары Цзя Минсинь мәлімдеді.
Оның айтуынша, қазіргі таңда цифрландыру, роботтандыру және жасанды интеллект сияқты жаңа технологиялар қарқынды дамып келеді.
Цзя Минсинь Қазақстан мен Қытай арасындағы сауда-экономикалық байланыстардың нығайып келе жатқанын атап өтті. Оның сөзінше, 2025 жылы екі ел арасындағы сауда көлемі 48 млрд АҚШ долларынан асып, металлургия саласындағы өзара іс-қимыл үшін берік негіз қалыптастырған.
– Елдеріміз арасындағы жоғары деңгейдегі өзара сенімге, саяси тұрақтылық пен достық қарым-қатынастарға сүйене отырып, Қытайдан Қазақстанға бағытталған инвестициялар металлургия, кадр даярлау және бүкіл өнеркәсіптік тізбек бағыттарын да қамтып отырғанын көріп отырмыз, – деді ол.
Қытай өкілінің айтуынша, екі мемлекет те өз заңнамалары мен талаптарына сәйкес бірқатар бірлескен жобаларды жүзеге асырып келеді. Бұл бастамалар өзара тиімді ынтымақтастықтың үлгісіне айналып, жергілікті өндірісті дамытуға бағытталған.
Сонымен қатар спикер Қазақстан мен Қытай арасындағы металлургия саласындағы ынтымақтастықтың үш негізгі бағытын атап өтті.
Бірінші бағыт – өзара іс-қимылды тереңдету.
Цзя Минсиньнің айтуынша, қытайлық кәсіпорындар Қазақстан нарығындағы өндірістің жергілікті үлесін арттыруға күш салып жатыр.
– Қазіргі уақытта қытайлық кәсіпорындар мыс өндірісі бойынша 300 мың тонна көлеміне қол жеткізіп, инвестицияларын тұрақты түрде ұлғайтып келеді. Катодты мыс өндірісінде де өндіріс қарқыны артып отыр, – деді ол.
Сонымен қатар ол 2026 жылы Қытай металлургия саласы екі ел арасындағы өнеркәсіптік тізбек аясындағы стратегиялық ынтымақтастықты жалғастыратынын атап өтті. Оның айтуынша, Zijin Mining компаниясының Богуты жобасы және басқа да стратегиялық бастамалар екі ел арасындағы тиімді әріптестіктің маңызды мысалы болып табылады.
Екінші бағыт – кадр даярлау және тәжірибе алмасу. Цзя Минсинь кәсіби мамандардың біліктілігін арттыру, жоғары сапалы өнім өндіру және тиімді өндірістік модель қалыптастыру бағытындағы бірлескен жұмыстардың маңызын атап өтті.
Оның айтуынша, Қазақстандағы қытайлық компаниялардың жобалары жасыл тау-кен өндірісін дамыту, заманауи технологияларды енгізу және өндірістік басқару салаларында үлгі бола алады.
– Богуты жобасы аясында барлау, өндіру және кадр даярлау жұмыстары жүргізіліп, жоба жасыл даму талаптарына, жоғары сапалы өндірістік басқару қағидаттарына сәйкес жүзеге асырылып жатыр, – деді Қытай өкілі.
Үшінші бағыт – салалар арасындағы үйлесімді өзара іс-қимылды дамыту. Бұл ретте Қытай мен Қазақстан арасындағы трансшекаралық теміржолдар, стратегиялық әріптестік, сондай-ақ Шыңжаң Ұйғыр автономиялық ауданындағы арнайы экономикалық аймақ сияқты мүмкіндіктер пайдаланылып жатыр.
Цзя Минсинь металлургия саласын «бір үлкен отбасы» ретінде қарастырып, мемлекеттер арасындағы практикалық ынтымақтастықты одан әрі тереңдету қажеттігін айтты.
Оның пікірінше, Қазақстанның бай минералдық ресурстары мен Қытайдың технология, жабдық және қаржыландыру саласындағы тәжірибесі өзара тиімді серіктестікті дамытуға мүмкіндік береді.
– Тағы бір маңызды бағыт ғылым мен технологияның күшіне сүйене отырып, пайдалы қазбаларды өндіру, минералдық ресурстарды айналымдық пайдалану және кешенді жабдықтар саласындағы ынтымақтастықты нығайту. Бұл бүкіл саланың бәсекеге қабілеттілігін арттыруға мүмкіндік береді , – деді ол.
Сонымен қатар Қытай өкілі жасыл даму бағытының маңыздылығына тоқталды.
Оның айтуынша, қазақстандық және қытайлық кәсіпорындар төмен көміртекті өндірісті дамытуға, экологиялық стандарттарды сақтауға және әлеуметтік-экономикалық тиімділікті арттыруға басымдық беруі керек.
Сөз соңында Цзя Минсинь Қазақстанның минералдық ресурстарға бай және инвестиция үшін қолайлы мемлекет екенін атап өтті.
– Біз қазақстандық серіктестермен бірге түсті металлургия саласындағы ынтымақтастықты тереңдетуге және оның тұрақты дамуын қамтамасыз етуге дайынбыз. Екі елдің бірлескен күш-жігерінің арқасында бұл сала жаңа көрсеткіштерге, жаңа даму бағыттарына қол жеткізеді деп сенемін. Бұл «Бір белдеу, бір жол» аясындағы ынтымақтастықтың жаңа үлгісін қалыптастырады, – деп түйіндеді ол.
Бұған дейін Қазақстан мен Қытай түсті металлургияны тұрақты дамыту және «жасыл» пайдалы қазбалар саласындағы ынтымақтастықты кеңейтуді жалғастыратынын жазғанбыз.