Ұлттық құрылтай Ұлттық құрылтай

Қазақстан мен Қытай шекара маңындағы кен орындарын бірлесіп игеруі мүмкін

АСТАНА. KAZINFORM — Қазақстан Ұлттық тау-кен ғылымдары академиясының президенті Нұрлан Рыспанов Қазақстан-Қытай түсті металлургияны орнықты дамыту форумында Қытаймен тау-кен және металлургия саласындағы ынтымақтастықты кеңейту үшін бірқатар ұсыныс айтты.

Қазақстан мен Қытай шекара маңындағы кен орындарын бірлесіп игеруі мүмкін
Фото: Ағыбай Аяпбергенов/Kazinform

Нұрлан Рыспанов Қытай түсті металлургия өнеркәсібі қауымдастығы, Қазақстан Ұлттық тау-кен ғылымдары академиясы және Қазақстанның Тау-кен өнеркәсібі одағы арасында меморандум жасауды ұсынды.

Қазақстан мен Қытай шекара маңындағы кен орындарын бірлесіп игеруі мүмкін
Фото: Ағыбай Аяпбергенов/Kazinform

Оның айтуынша, құжат аясында Қазақстанның оңтүстік-шығысы мен Қытайдың шекаралас өңірлеріндегі пайдалы қазбаларды игеру бағдарламасын әзірлеуге болады.

— Көп кен орны шекараның екі жағында орналасқан. Сонымен қатар Қытай Халық Республикасы жағындағы көптеген кен орындары игеріліп жатыр, ал Қазақстан жағындағылары резервте тұр. Бірлескен кәсіпорын үшін бір инфрақұрылым құруға болады. Бұл болашақ кәсіпорынның шығындарын айтарлықтай қысқартуға мүмкіндік береді, — деді ведомство президенті.

Қазақстан мен Қытай шекара маңындағы кен орындарын бірлесіп игеруі мүмкін
Фото: Ағыбай Аяпбергенов/Kazinform

Ол сондай-ақ екі тарапқа қызығушылық тудыратын бірқатар кен орындары бойынша техникалық-экономикалық негіздемелер әзірлеуді ұсынды.

— Кен орнын игеру жобасының бірінші бөлігі ретінде екі тараптың бизнесі үшін қызығушылық тудыратын бірқатар кен орындары бойынша техникалық-экономикалық баяндамалар әзірлеу қажет, — деді академия басшысы.

Сонымен қатар Нұрлан Рыспанов Қытай түсті металлургия өнеркәсібі қауымдастығы мен Дүниежүзілік тау-кен ғылымдары академиясы бірлесіп Қытай Ұлттық тау-кен ғылымдары академиясын құру бойынша жұмыс жүргізуі қажет екенін атап өтті. Бұл қытайлық және қазақстандық тау-кен ғалымдарын осы мәселеге тартуға мүмкіндік береді деп түйіндеді. 
Бұған дейін Қазақстан мен Қытай түсті металлургияны тұрақты дамыту және «жасыл» пайдалы қазбалар саласындағы ынтымақтастықты кеңейтуді жалғастыратынын жазғанбыз.