Қазақстан мен Корея статистикада жасанды интеллект пен Big Data-ны бірге дамытпақ
АСТАНА. KAZINFORM — Қазақстан мен Корея ресми статистика саласындағы ынтымақтастықты күшейтеді. Тараптар деректерді цифрландыру, жасанды интеллект пен үлкен деректерді статистикада қолдану бағытында бірлесіп жұмыс істемек. Бұл туралы Ұлттық статистика бюросы мәлім етті.
Қазақстан мен Корея Республикасы деректер және ресми статистика саласындағы ынтымақтастықты нығайтуда14 қыркүйекте Сеул қаласында өткен алғашқы «Орталық Азия — Корея Республикасы» саммиті аясында Қазақстан Республикасы Стратегиялық жоспарлау және реформалар агенттігінің Ұлттық статистика бюросы мен Корея Республикасының Деректер және статистика министрлігі арасында ынтымақтастық туралы Меморандумға қол қойылды.
Құжатқа Ұлттық статистика бюросының басшысы Мақсат Тұрлыбаев пен Корея Республикасының Деректер және статистика министрі Ан Хенджун қол қойды. Меморандум екі ел арасындағы институционалдық әріптестікті одан әрі нығайтуға, озық білім мен тәжірибе алмасуды кеңейтуге, сондай-ақ заманауи деректер мен ресми статистика саласындағы бірлескен бастамаларды жүзеге асыруға бағытталған.
— Біз бұл келісімді жай ғана ресми құжат ретінде емес, ұзақ мерзімді әріптестікті нығайтуға, озық біліммен алмасуға және цифрлық экономиканың жаңа талаптарына жауап беретін заманауи статистикалық жүйені бірлесіп дамытуға жасалған маңызды қадам ретінде қарастырамыз, — деп атап өтті Ұлттық статистика бюросының басшысы Мақсат Тұрлыбаев.
Ынтымақтастықтың негізгі бағыттарының бірі статистиканы цифрлық трансформациялау болады. Тараптар жасанды интеллект пен үлкен деректерді статистикада қолдану, ақпараттың баламалы көздерін пайдалану, статистикалық талдау әдістерін жетілдіру, деректерді жинау және тарату үдерістерін цифрландыру, сондай-ақ заманауи ақпараттық жүйелерді дамыту бағыттарында өзара іс-қимылды жолға қоюды көздейді.
Қазақстан мен Корея арасындағы осы саладағы ынтымақтастықтың практикалық негізі қазірдің өзінде қалыптасқан. Ағымдағы жылдың маусым айында Ұлттық статистика бюросының делегациясы Корея Республикасына оқу сапарымен барды. Қазақстандық мамандар статистикада жасанды интеллект пен үлкен деректерді қолдану, деректерді жинау және таратуға арналған ақпараттық жүйелерді дамыту, сондай-ақ статистикалық және геокеңістіктік ақпаратты интеграциялау бойынша кореялық тәжірибені зерделеді.
Осылайша, қол қойылған Меморандум жинақталған тәжірибені сарапшылар мен білім алмасуды, бірлескен іс-шаралар мен зерттеулер өткізуді, сондай-ақ жаңа жобаларды әзірлеу мен іске асыруды көздейтін жүйелі ынтымақтастық форматына көшіруге мүмкіндік береді.
Қазақстанның кореялық тараппен халықаралық ынтымақтастығының тағы бір маңызды бағыты академиялық қауымдастықпен байланысты. Бұған дейін Бюро Сеул ұлттық университетінің Қоғамдық денсаулық сақтау жоғары мектебімен өзара түсіністік туралы Меморандумға қол қойған болатын. Бұл әріптестік демография, статистика және қоғамдық денсаулық сақтау салаларында бірлескен зерттеулерді дамытуға бағытталған және Қазақстандағы демографиялық процестерді талдау және болжау орталығының жұмысы үшін ерекше маңызға ие.
Айта кетейік, бұған дейін Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстанның минералды ресурстарын игеруде Кореямен жаңа модель ұсынған болатын.