Қазақстан мен Қытай экономикалық және гуманитарлық салалардағы ынтымақтастық жөніндегі келісімдерге қол қойды
БЕЙЖІҢ. Сәуірдің 16-сы. ҚазАқпарат /Талғат Баймұхамбетов/ - Бүгін Бейжіңде жоғары деңгейдегі келіссөздер қорытындысы бойынша Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев пен ҚХР Төрағасы Ху Цзиньтао бірлескен мәлімдемеге қол қойды және үкіметаралық, ведомствоаралық және корпоративтік келісімдер мен келісімшарттарға қол қоюдың ресми рәсіміне қатысты,
деп хабарлайды ҚазАқпарат.Мемлекет басшыларының қатысуымен ҚР Премьер-Министрінің бірінші орынбасары Өмірзақ Шөкеев пен ҚХР-дың Даму және реформалар жөніндегі мемлекеттік комитеті төрағасының орынбасары Чжан Гобао ҚР мен ҚХР үкіметтері арасындағы энергетика және несиелеу саласындағы кешенді ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойды. Бұдан кейін ҚР мен ҚХР ауыл шаруашылығы министрліктері арасындағы өзара түсіністік туралы, ҚР Көлік және коммуникация министрлігі мен ҚХР көлік министрлігі арасындағы «Батыс Еуропа-Батыс Қытай» автокөлік дәлізін құру туралы меморандумдарға, ҚР Білім және ғылым министрлігі мен ҚХР Білім министрлігі арасындағы білім саласындағы ынтымақтастық туралы 2003 жылғы маусымның 3-індегі келісімге өзгертулер мен толықтырулар енгізу туралы хаттамаға қол қойылды. Бұдан басқа, «Самұрық-Қазына» ҰӘҚ» АҚ мен Қытай Мемлекеттік даму банкі арасында қаржыландыру саласындағы ынтымақтастық туралы, Қазақстан даму банкі мен Қытайдың экспорттық-импорттық банкі арасындағы 5 млрд. АҚШ доллары көлемінде өзара несие алмасу туралы Негіздемелік келісімдерге қол қойылды. Сондай-ақ «Қазақтелеком» АҚ мен «Huawei Technologies Co., Ltd.» арасындағы ынтымақтастық туралы келісімге, «ҚазМұнайГаз» ҰК» АҚ мен Қытай ұлттық CNPC мұнай-газ корпорациясы арасында мұнай-газ саласындағы ынтымақтастықты кеңейту және 5 млрд. АҚШ доллары көлемінде өзара несие алмасулар алуға жәрдемдесу туралы Негіздемелік келісімге, «МаңғыстауМұнайГаз» АҚ және «Central Asia Petroleum Ltd.» және «Mangistau Investments BV» арасында акциялар сату-сатып алу туралы шартқа қол қойылды. .Бұдан басқа бүгін Бейжіңде ҚР Президентінің ҚХР-ға мемлекеттік сапары ауқымында «Ұлттық инновациялық қор» АҚ мен «China North Industries Corporation» («Norinco») компаниясы арасында өзара іс-қимыл туралы келісімге қол қойылды.