Қазақстан мен Қытай инвестициялық ынтымақтастықты әртараптандыруға мүдделі ? ҚР Президенті мен ҚХР Мемлекеттік Кеңесі Премьерінің кездесуі
САНЬЯ. Сәуірдің 17-сі. ҚазАқпарат /Талғат Баймұхамбетов/ - Қытайға мемлекеттік сапары ауқымында Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев бүгін Хайнань аралдық провинциясында ҚХР Мемлекеттік Кеңесінің Премьері Вэнь Цзябаомен кездесті,
деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі. Кездесу барысында Мемлекет басшысы Қазақстанға 10 млрд. АҚШ доллары мөлшерінде қытайлық несие берілетіндігіне қанағаттанатынын білдірді, қазақстандық тарап бұл мәселені 2007 жылғы қазанда Вэнь Цзябаоның республикамызға сапары кезінде көтерген болатын. Ол біздің елдеріміз арасындағы қаржылық ынтымақтастықты жалғастыру қажеттігін атап көрсетті. ҚР Президенті қытайлық сұхбаттасушыға Хайнань мен Қазақстан арасында тікелей әуе қатынасын ашуды, сондай-ақ «Батыс Еуропа-Батыс Қытай» теміржол магистралін төсеу жөніндегі жобаны, ҚР-ҚХР газ құбырының және жұмыс істеп тұрған мұнай құбырының екінші кезеңінің құрылысын жүзеге асыруды шапшаңдатуды ұсынды.Өз тарапынан ҚХР Мемлекеттік Кеңесінің Премьері Қазақстан мен Қытай арасындағы тауар айналымы көлемін ұлғайтуды, қаржы энергетика, және экономиканың шикізаттық секторындағы, сондай-ақ энергия ресурстарын тасымалдайтын құбырлар құрылысында ынтымақтастықты кеңейтуді ұсынды. Кездесу барысында экономикалық, саяси және әлеуметтік реформаларды жүргізуде, белсенді және байыпты сыртқы саяси бағытты жүзеге асыруда Астана мен Бейжіңнің көзқарастары ұқсас болып келетіндігі атап өтілді. Қазақстан-Қытай стратегиялық серіктестігін дамытудың жай-күйі мен перспективасын жоғары бағалай келе, Қазақстан Президенті мен ҚХР Мемлекеттік Кеңесінің Премьері кешенді ынтымақтастықты дамыту жөніндегі жұмыстарды күшейтуді жалғастыруға келісті. Тараптар отын-энергетикалық және инфрақұрылымдық салалардағы өзара іс-қимылдың маңызына, өзара сауданың оң қарқынына тоқталды. 2008 жылғы сәуірдің 9-ындағы ҚР мен ҚХР экономиканың шикізат емес секторындағы ынтымақтастық бағдарламасын жүзеге асыру жөніндегі іс-шаралар жоспарын іске асырудың маңыздылығы атап өтілді. Аталған іс-шаралар жоспары екі ел арасындағы тауар айналымы құрылымын кеңейтуге, тауар айналымын әртараптандыру жөніндегі бірлескен шараларды қабылдауға, екіжақты сауда саласында жоғары технологиялық және бағасы жоғары өнімдердің үлесін арттыруға бағытталған. Қытай үкіметі басшысымен келіссөздер аяқталғаннан кейін Қазақстан Президенті Хайнаньға жыл сайынғы Боао азиялық форумының конференциясына қатысуға келген шетелдік мәртебелі қонақтардың құрметіне ҚХР Мемлекеттік Кеңесінің Премьері атынан ұйымдастырылған ресми қабылдауға қатысты.